«Самұрық-Қазына» қоры Түркістандағы электр станциясы жобасын неге бір еншілес компаниясынан алып, екіншісіне берді?
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы негізінде жұмыс істейтін электр станциясы құрылысы жобасын бір еншілес компаниясынан алып, екіншісіне берген. Қуаты 1000 МВт электр станциясы құрылысымен айналысатын «Түркістан Бу-газ қондырғысы» ЖШС-ны бұған дейін «Самұрық-Энерго» компаниясы басқарса, енді Samruk-Kazyna Construction-ның иелігіне өткен. Бұл туралы қордың еншілес компаниясы «Самұрық-Энергоның» қаржы есебінде жарияланған.
«2024 жылғы 16 мамырда «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Энерго» АҚ арасында «Түркістан БГҚ» ЖШС-ны сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасалды. Бұл шарт жобалау мен құрылыс кезеңінде, Түркістан облысындағы электр станциясын пайдалануға беру кезеңіне дейін, бірақ 2026 жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей күшінде болды. 2024 жылғы 30 қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Самұрық-Энерго» АҚ арасында 2024 жылғы 16 мамырдағы №1884-И сенімгерлік басқару шартының күшін жою туралы келісім жасалды», – делінген құжатта.
«Самұрық-Қазына» қоры inbusiness.kz порталына электр станциясы жобасын бір еншілес компаниясынан екіншісіне бергенін түсіндірген.
«2035 жылға дейін шамамен 15 ГВт болатын жобалар портфелінің ауқымдылығын және соның нәтижесінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жоғары операциялық жүктемесін ескере отырып, қордың басқармасы аталған серіктестікті басқаруды әртүрлі мақсаттағы нысандардың (тұрғын және коммерциялық ғимарат, инфрақұрылым және өнеркәсіп нысандары) құрылысы мен қайта жаңартылуына маманданған және қажетті инженер-техникалық мамандарға ие «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға беру туралы шешім қабылдады», – делінген жауапта.
Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа тең электр станциясы қашан ашылады?
«Самұрық-Қазына» қоры Түркістан облысындағы электр станциясы жобасын 2022 жылы қолға алған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметінің 2021 жылғы 10 шілдедегі отырысында осындай тапсырма берген. Жалпы қуаты 1000 МВт дейін жететін станция бу-газ қондырғысы негізінде жұмыс істейтін болады. Оның құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Қор сайтындағы хабарламаға сәйкес, сол кезде жобаны жүзеге асыру және сенімгерлік басқару «Samruk-Kazyna Construction» еншілес компаниясына берілген. «Түркістан БГҚ» ЖШС деген арнайы компания құрылған. Жобаның бас мердігерлері – Doosan Enerbility Co.Ltd және ЖШС Bazis Construction консорциумы екені айтылады.
«Қуаты 1000 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысы базасында электр станциясын салу елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, атап айтқанда, тапшы энергия қуаттарының орнын толтыруға, Орталық Азияның (Өзбекстан, Қырғызстан) энергетикалық жүйесі тудыратын авариялық кернеуді теңестіруге және әлеуметтік тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды өздігімен үздіксіз энергиямен жабдықтауға мүмкіндік береді», – делінген «Самұрық-Қазына» хабарламасында
Алайда «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының қаржы есебінде 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, «Түркістан БГҚ» ЖШС-дегі қатысу үлесін бақылау компанияға берілмегені жазылған.