Хәрри Поттердің алғашқы басылымы аукционда 36 000 фунт стерлиңге сатылды
Хәрри Поттер кітабының сирек кездесетін ең алғашқы басылымы 36 000 фунт стерлиңге (45 580 АҚШ доллары) сатылды.
Кристин Маккалок «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабының көшірмесін ұлы Адамға сатып алып берген екен. Кристин кітапты 1997 жылы Эйвондағы Стратфордта орналасқан кітап дүкенінен 10 фунт стерлиңге сатып алғанын айтады. «Жылдар өткен соң кітап мыңдаған фунт стерилңге дейін қымбаттайтынын тіпті күткен емеспін. Сондай кітап жарық көргенін теледидардан білдім. Қызым Рейчел, ұлым үшеуіміз Блу Питерге берген автор Роулиңнің сұхбатын көрген едік. Содан кейін кітап сатып алуға бардық», – дейді көшірме иесі.
Кітап кеше Личфилдте өткен «Сирек кітаптар аукционында» сатылды. Сатып алушы комиссияны қосқанда 45 000 фунт стерлиң төлеген.
Hansons Auctioneers аукцион үйінің мәліметіне сүйенсек, сатылған кітап қатты мұқабамен шыққан алғашқы тираждағы 500 көшірменің бірі. Кітап 1997 жылы жарық көрген.
Дербише тұрғыны Адам Маккалок кітап отбасының Честерфилдтегі үйінде баспалдақ астындағы кітап сөресінде сақталғанын айтты. Кітаптың құнды жәдігерге айналғанын 2020 жылы карантин кезінде алғашқы басылым туралы хабардан білген. «Кітаптың нақты сол басылымға жататыны расталғанда сене алмадық», – дейді Адам Маккалок.
Бала Адам кітапты қатты ұнатқан, сол кезде де қазіргі балалар секілді кейіпкерге қызығушылығы туындаған. Жақында анасына кітапты басқаларға беретін күн жеткенін хабарлапты. «Кітап беттеріндегі шайдың ізі мен бір-екі бетінің қайырылғаны оған ерекше тарих қоса түсетіндей. Осынысымен де ғажайып болатын секілді. Бұл – сүйсіне оқығанның айғағы», – деді кітап иесі.
Алғашқы тираждағы 500 көшірме жыл сайын мыңдаған долларға аукциондарда сатылып жүр. Тіпті 2021 жылы АҚШ-та Heritage Auctions іс-шарасында рекордтық 471 000 АҚШ долларына сатылған. Reuters агенттігі бұл келісімді ХХ ғасырда жарық көрген туындылар арасында ең қымбатқа сатылғаны деп бағалады.