Ресей полициясы Кәрім Мәсімовпен туыстық байланысы бар кәсіпкерге іздеу жариялады
Ресейдің Ішкі істер министрлігі Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы болған Азамат Капеновтің інісі Медер Капеновке іздеу салды.
Іздеу картасында себеп пен қылмыстық іс туралы нақты ақпарат көрсетілмеген.
Айта кетейік, 2024 жылдың басында ресейлік полиция Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Капеновке де іздеу салған. 2024 жылдың тамыз айында Қазақстандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те Азамат Капеновке халықаралық іздеу жариялаған.
EGov жүйесіндегі ақпаратқа сүйенсек, Медер Капенов 1993 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. 2010 жылдардан бастап Мәскеуде тұрады. Қазақстанда Қапенов логистикамен айналысатын «Трансконтейнер Еуразия» ЖШС және «Евротранс Актив» ЖШС компанияларының иесі.
«Выход к морю» telegram-арнасының жазуынша, Медер Капеновтің Мәскеудің Варсонофьевский аллеясында 234 шаршы метрлік элиталық жылжымайтын мүлкі бар. Басылым бұл мүліктің Мәскеудің қақ ортасындағы Лубянкадағы Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің ғимаратына 400 метр жерде орналасқанына бас назар аударған.
Айта кетейік, Медер Капеновтің ағасы Азамат Капеновке іздеу салған кезде қазақстандық Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі оның тұрғылықты мекенжайы туралы ақпарат берген азаматтарға сыйақы тағайындауға уәде берген. Азамат Капенов 2015 жылы Кәрім Мәсімовтің қызы Тамила Кәрімге үйленген. Алайда 2022 жылдан бастап БАҚ беттерінде ол туралы Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы деп жазылып келеді. Оған Қазақстанда қандай айып тағылып отырғаны туралы жазған едік.