Ұлттық банк теңгені қолдау үшін валюталық интервенция жүргізуді бастады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк теңгені қолдау үшін валюталық интервенция жүргізуді бастады
Ұлттық банк теңгені қолдау үшін валюталық интервенция жүргізуді бастады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін валюталық интервенция жүргізіп жатқанын растады. Интервеция туралы хабарламаны жарияланған кезде доллар KASE қор биржасында 513 теңгеден саудаланып жатқан.

«Тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау, теңгенің айырбас бағамының артық құбылмалылығын тегістеу үшін және шетел валютасын ұсынуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізеді», – делінген хабарламада.

Ұлттық банк қаржылық тұрақсыздық пайда болып, айырбастау бағамы шамадан тыс құбылған жағдайда валюталық интервенцияны жалғастыратынын атап өтті.

Реттеуші органның ақпаратына сүйенсек, теңге бағамына сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен. АҚШ долларының негізгі әлемдік валюталарға қатысты бағамын бақылайтын DXY индексі 28 қарашада 106,2 пунктке дейін өсіп, қараша айының басынан бері 2,2% нығайған. Осының әсерінен бір ай бойы валюта индексі 3% төмендеген. 

«АҚШ долларының жаһандық нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі факторлардың өзгеруі аясында дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады», – деп түсіндіреді Ұлттық Банк. 

Бұған қоса, ведомство мұнай бағасының құбылуы ұлттық валютаға қысым көрсетіп отырғанын жазған. Сондай-ақ сарапшылардың Дональд Трамп президенттікке келгенде АҚШ-та мұнай тасымалы ұлғайып, ұсыныстың артық болуы бағаға әсер етеді деген пікіріне тоқталып өткен.

«Ресей Федерациясының қаржы секторына қарсы жаңа санкциялар енгізу аясында елдің негізгі сауда серіктестерінің бірінің валютасы – Ресей рублі әлсірей түсті. Биржада юань/рубль жұбының бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қараша айының басынан бастап 11,2% әлсіреді. Forex Халықаралық валюта нарығындағы доллардың айырбас бағамы 1 доллар үшін 114,5 рубльден асты, ал рубль айдың басынан бастап 18% әлсіреді», – деп атап өтті Ұлттық Банк. 

Қазақстанда қараша айында экономикалық агенттер тарапынан долларға сұраныстың артуы байқалған. Ұсыныста шектеулі болған. Қараша айында сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 238 млн долларды құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (193 млн доллар) 1,5 есе көп.

Бүгінгі таңда биржада доллармен сауда-саттық көлемі 629,6 млн долларға жетіп, 2020 жылғы 10 наурызда тіркелген максимум 503 млн доллардан асып түсті. Салыстыру үшін: 27 қарашада сауда-саттық көлемі 455,5 млн долларды, ал 26 қарашада 203 млн долларды құрады. 

«Аталған факторлардың жиынтығы теңге бағамына қысым жасайды, жекелеген кезеңдерде сауда-саттық барысында алып-сатарлық қысымға жағдай жасай отырып, валюта нарығындағы теңгерімді бұзғаны және өтімділіктің төмендігі байқалады», – делінген хабарламада. 

28 қарашадағы теңгенің орташа бағамы АҚШ доллары үшін 512,58 теңгені құрайды, 27 қарашадан бері 2,4% әлсіреді. Айырбастау пунктерінде доллар 525 теңгеден сатылып жатыр.

27 қарашада Ресей рублі құлдырап бастаған. Таңертеңнен басталған құлдырау түстен кейін доллар 114 рубль, еуро 120 рубль болған. Ресейлік Forbes ақпаратына сүйенсек, Ресейдегі «толыққанды валюталық дағдарысқа» Газпромбанктің санкцияға ұшырауы әсер еткен. Себебі бұл банк арқылы негізгі сауда төлемдері жасалып келген.

Оның соңынан Қазақстан валютасы да құлдыраған. Теңгенің құлдырау себебі мен Ұлттық банктің қолданған шаралары туралы да жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз