Әлеуметтік маңызы бар жұмыртқа бағасы тұрақтала ма?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жұмыртқа бағасы тұрақтала ма? / фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әлеуметтік маңызы бар жұмыртқа бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды.

Құжатта С1 санатындағы жұмыртқаның көтерме бағасын құс фабрикаларының қоймасынан 30 жұмыртқадан тұратын қорап үшін данасына 51,5 теңге мөлшерінде шектік бағаны белгілеу қарастырылған. Сонымен қатар, сауда орындарындағы үстеме баға өндіруші бағасының 15%-нан аспауға тиіс.

Қауымдастық халықты қолжетімді азық-түлікпен, оның ішінде жұмыртқамен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Астана, Алматы және Қостанай қалаларындағы баға мониторингіне сәйкес, С1 санатындағы жұмыртқа құны 535 теңгеден аспайды.

Меморандум мемлекеттік органдар, бизнес және басқа да мүдделі тараптар арасындағы әріптестіктің негізгі қағидаларын бекітеді. Құжатта бағаларды реттеу, отандық өндірушілерді қолдау және нарықтағы орынсыз алыпсатарлықтың алдын алу бойынша бастамаларды іске асыру қарастырылған.

Еске сала кетейік, жұмыртқa бағасы бір апта ішінде 0,1%-ға өсіп, он данасы орта есеппен 540 теңгені құрады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең арзан С1 санатындағы жұмыртқалар Петропавлда, ал ең қымбаты елордада тіркеліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз