Жоғары жауынгерлік әзірлік: Қазақстанда әскери тактикалық оқу-жаттығу өтеді
Желтоқсан айының басында Қазақстанның бүкіл әскери басқару органдары, Қарулы күштердің әскери бөлімі мен мекемелері жоғары жауынгерлік әзірлік деңгейіне өтеді. Оған жаңа жауынгерлік оқу кезеңінің басталуы себеп. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрліктің хабарлауынша, келесі айда армия бөлімшелері полигондар мен оқу-жаттығу орталықтарына марш жасау үшін дабыл бойынша көтеріледі. Оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік мақсатында өңірлердегі кейбір жолдар жабылуы мүмкін.
«Жеке құрам мен әскери техниканы кешенді тактикалық-саптық сабақтар мен жаттығулар өтетін орынға жөнелтіледі. Қауіпсіздік мақсатында өңірлердегі жолдардың жекелеген учаскелерінде жол қозғалысы уақытша шектелуі мүмкін екенін хабарлаймыз», – делінген хабарламада.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі жалған ақпарат таратпай, тек ресми дереккөз ақпаратына сенуге шақырды.
Бұған дейін Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «өзін-өзі қорғау құралымы» және «ерікті адам» деген жаңа ұғымдар енгізілетіні белгілі болды.