Банктердегі аударымдар үшін тұтынушылар қосымша құн салығын төлемейді – ҰЕМ
Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтардың банктік қосымшалар арқылы аударымдарына салық енгізіледі деген ақпаратты жоққа шығарды. Заң жобасын әлі де кәсіпкерлер мен азаматтар, депутаттар талқылайды. Бұған дейін мәлім болғандай, жаңа Салық кодексі 2025 жылы іске қосылады.
Министрлік құжатта банктер қызмет көрсеткені үшін клиенттерден алатын комиссияларға ҚҚС енгізуді ұсынған. Мысалы, аударымдар немесе картаны шығару үшін банк қосымша құн салығын төлеуге тиіс болады.
Бұл ретте қазақстандықтардың тікелей аударымдарына салық салынбайды.
«Бұған дейін банктер қаржылық операциялар бойынша жеңілдіктерге ие болған және бұл кірістен салық төлемейтін», – деп түсіндірді министрлік.
ҰЭМ ақша аударымдары бір банк ішінде жүзеге асырылса, олар комиссиясыз жүретінін және сәйкесінше салық алынбайтынын баса айтты.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов карта арқылы ақша аудару қалтаға соғатынын мәлімдеген. Ол комиссия 12%-ға қымбаттайтынын айтты.