АҚШ Грузиямен серіктес болудан бас тартуға шешім қабылдады
Грузиядағы билік партиясы Еуроодаққа кіруден бас тартуына байланысты елде бірнеше күннен бері халық наразылығы толастаған жоқ. Тбилиси тағы бір серіктесінен айырылмақ.
Енді азуын айға білеген АҚШ та Грузиядан теріс айналды. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер Тбилиси өзінің ұстанымдарынан айныды деп кінә тақты.
«Грузияның ЕО-ға кіру үдерісін тоқтата отырып, «Грузин арманы» Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнату мүмкіндігін жоққа шығарды және Грузияны Кремль алдында осал ете түсті», – деп мәлімдеді Миллер.
Саясаткерлер Грузияның Вашинтгтонның көз қырына іліккеніне біраз уақыт болғанын хабарлады. Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мамыр айында Вашингтон мен Тбилиси арасындағы екіжақты ынтымақтастықты қайта қарауы мүмкін екенін жариялаған. Бұған Грузия үкіметінің «шетел агенттері» туралы заң қабылдауы себеп болды.
Байден Парламент депутаттарын сайлау кезіндегі олқылық демократияға тұсау болады деп санайтынын айтқан. Грузия президенті Саломе Зурабишвили Парламент құрамына риза еместігін, депутаттар корпусы өзгермейінше, лауазымдық міндетін атқаруды тоқтатпайтынын жария еткен. Ол тұрғындармен бірге алаңға да шықты.
Грузияда халық наразылығы өршіп тұр. Ішкі істер министрлігі шеруге шыққандарды тәртіп бұзды деп айыптады. 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығындағы наразылық акциясы кезінде полиция Тбилисиде 50 адамды ұстады, оның ішінде он адам құжатқа қол қою арқылы босатылды.
Осы аласапыранда АҚШ-тағы Грзуия елшісі Давид Залкалиани отставкаға кетті.
Айта кетейік, бір ай бұрын Парламент депутаттары сайлауға түсті. Сайлау қорытындысына тұрғындар риза болған жоқ. Жеңіске жеткен «Грузин арманына» көзбояушылыққа жол берді деген айып тағылды. Оның ресейшіл саясаты Батысқа ұнаған жоқ.
Еуропарламент Еуропа Одағын Тбилиси шенеуніктеріне санкция салуға шақырды. Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе одаққа кіру мәселесін бірнеше жылға шегеріп тастағанын мәлімдеді.
Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Каджа Каллас биліктегі партияның Еуропаға интеграцияланудан бас тартуынан, наразылықтың өршуіне байланысты Грузияға қарсы санкциялар енгізілетінін жоққа шығармады.