Freedom Holding Corp. Қазақстанның өңдеуші салалары бойынша қараша айындағы PMI индексін жариялады
Қазақстандағы өңдеуші салалар бойынша PMI индексі өткен аймен салыстырғанда, қарашада жақсарған. Сауалнама жүргізілген 2019 жылдан бері бірінші рет жаңа тапсырыстың күрт өскені байқалды. Өндіріс, жұмыспен қамту және сатылым ұлғая түсті. Өндіріске қажет ресурс құны елеулі қарқынмен өсіп, қарашада жаңа тапсырыстардың өсуі рекордты жаңартты. Бұл туралы Freedom Holding Corp. Қазақстандағы өңдеуші салалар бойынша PMI® өндірістік көрсеткіштер жайындағы есепте айтылған.
Қараша айы бойы жаңа тапсырыстар күрт өсіп, бұл өз кезегінде өндіріс көлемі мен сатып алу белсенділігінің артуына және жұмыс орнын ашуды тоқтатпауға сеп болды. Баға жайында айтар болсақ, теңге бағамының АҚШ долларына қатысты әлсіреуінен, қазан айынан бері инфляциялық қысым күшейді.
Freedom Holding Corp. ұсынған Қазақстанның өңдеуші салар бойынша PMI® (Сатып алу менеджерлерінің индексі™) көрсеткіші қазан айында 51.7-ден 53.5-ке дейін өсті. Бұл жылдың соңғы тоқсанының ортасында өңдеу өнеркәсібіндегі ахуалдың анағұрлым жақсарғанын білдіреді. Бұған қоса, бизнес жүргізу шарттары тамыз айында тіркелген жоғары нәтижеден де асып, айтарлықтай күшейді. Саладағы ахуал тоғыз ай қатарынан жақсарып келеді.
Жаңа тапсырыстардың өсу қарқыны қараша айында күрт жылдамдады және сауалнама жүргізілген уақыттан бері ең жоғары көрсеткішке жетті. Респонденттер тұтынушылар тарапынан сұраныстың өскенін атап өтті. Өндіріс көлемінің өсу қарқыны да жеделдеді және 2020 жылдың қыркүйек айынан бергі ең серпінді көрсеткіш болды. Бұл сауалнама тарихындағы ең қарқынды үшінші өсім.
Жаңа тапсырыстардың, өнім өндірудің өсуі кей жағдайда өндіріс қуатының артуына себеп болды. Компаниялар қосымша жұмыс күшін тартумен қатар, ресурстарды сатып алу арқылы да өндіріс қуатын ұлғайтты.
Қызметкер санын арттыру көрсеткіші тоғыз ай қатарынан өсіп келеді. Дегенмен бұл айда өсім айтарлықтай жоғары емес, тіпті қазан айымен салыстырғанда біршама төмен. Қызметкерлер негізінен толық жұмыс күніне жұмысқа қабылданды.
Сатылымда белсенділік күрт өсті және оның қарқыны төрт айда ең жоғары көрсеткішке жетті. Шикізат ресурстарын сатып алу ұлғайғанымен, ресурстар тікелей өндірісті қолдауға бағытталғандықтан, компаниялар қоймадағы қордың азайғанын атап өтті. Алайда бұл айтарлықтай емес. Жаңа тапсырыстардың өскеніне қарамастан, өндіріс қуатын арттыру өндірушілерге жұмыс көлемін жоғары деңгейде ұстап тұруға көмектесті. Орындалмаған жұмыс көлемі елеулі қарқынмен қысқарды.
Қарашада қоймадағы дайын өнім қоры да азайды, бұл маусым айынан бергі ең төмен көрсеткіш. Логистикадағы кедергі, шекарадағы бөгеліс және темір жол желілеріндегі өткізу мүмкіндігінің нашар болуы салдарынан, өндіріске қажет материалдарды сатып алған компанияларға жүк әлі де ұзақ жеткізіледі. Сөйте тұра өндіріс шығыны күрт өсті және қазан айына қарағанда өсім біршама жеделдегені байқалды. АҚШ долларына қатысты теңге бағамының төмендеуі шикізат бағасының қымбаттауын одан әрі күшейтті. Дайын өнім бағасы да қараша айында біршама өсті, дегенмен бұл орташа көрсеткіштен баяу. Ал баға он бесінші ай қатарынан шарықтап барады.
Қол қою сатысындағы жаңа мәмілелер мен өндіріс көлемін арттыру жоспары қолға алынғанын ескерсек, өндірушілер алдағы жылы өнім өндіру көлемі өседі деп үміттенеді. Респонденттердің 44%-дан астамы өндіріс көлемі ұлғаяды деп болжайды, бірақ қазан айымен салыстырғанда сенім аздап әлсіреген және сауалнама басталған 2019 жылдың наурыз айынан бергі орташа деңгейден төмен.
Еске сала кетер болсақ, Freedom Holding Corp. Қазақстандағы өңдеуші салалар бойынша PMI® 250 жуық өндіруші компанияның сату жөніндегі менеджерлеріне жіберген сауалнамаға берілген жауаптар негізінде S&P Global әзірлейді. Сауалнама жауаптары әр айдың екінші жартысында жиналады және оның алдындағы аймен салыстырғандағы өзгеріс бағытын көрсетеді.