Доллардың қымбаттауына байланысты әлеуметтік тұрғын үй бағасы көтерілмейді – Шарлапаев

Жарияланды
Шарлапаев тұрғын үй
Шарлапаев әлеуметтік тұрғын үй бағасы қымбаттамайтынын айтты / коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Доллардың қымбаттауына байланысты Қазақстанда тұрғын үй бағасы, әсіресе, әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынатын баспана бағасы көтерілмейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет сағатынан кейін өткен брифинг барысында айтты.

«Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, 3 желтоқсандағы доллар бағамы 524 теңгені құрап отыр. Ал ақша айырбастау пункттерінде доллар бағасы 535 теңгеге жақындап қалған. Осы орайда баспана бағасы қаншалықты қымбаттауы мүмкін?», – деп сұрады журналист.

Шарлапаев мемлекеттің әлеуметтік баспаналардың бағасының көтерілмеуі үшін жағдай жасайтынын айтты. Атап айтқанда, «Наурыз», «Отау» бағдарламасы, жалға алынатын тұрғын үйлердің бағасын мемлекет қадағалайтынын айтты.

«Алдағы жылда бағалар көтеріледі деп ойламаймыз. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, үй құрылысына негізінен отандық материалдар қолданылады. Сонымен қатар бізде бағалардың жоғарғы шегін бекіту тетігі бар. Мемлекет сол тетікті іске қосады»,- деді министр.

Ал жеке нарықтағы баспаналардың бағасы нарықтық сұранысқа сай құбылуы мүмкін. Десе де, Шарлапаев олардың бағасы да айтарлықтай өсе қоймайтынын айтты. Өйткені жеке меншік саладағы тұрғын үйлердің де құрылысында негізінен отандық өнімдер пайдаланылады.

«Құрылыс материалдарының 70%-ға жуығы отандық өнім. Сондықтан ол үйлерге де нарықтың әсері айтарлықтай бола қоймайды. Десе де бұл – нарық болған соң, нақты кесіп айта алмаймыз. Бір нәрсені нақты білем, мемлекет әлеуметтік тұрғын үйлердің қымбаттауына жол бермейді», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз