«Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының» директоры сотталды. Оған пара бергендерге де айыппұл салынды
Жетісу облысында «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» директоры Құдайберген Әбілқасымов, оның орынбасары Нұрбол Бейсенов және бөлім басшысы Рахат Шалабанов пара алу ісі бойынша сотталды. Сот үкімі Алакөл аудандық сотында шығарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, аталған тұлғалар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жергілікті тұрғындардан бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Олар заңсыз шабындықты пайдаланған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін пара алып отырған.
Сот үкіміне сәйкес:
Құдайберген Әбілқасымов пен Рахат Шалабанов әрқайсысы 10,5 миллион теңге көлемінде айыппұл төлейді. Нұрбол Бейсеновке 15,7 миллион теңге айыппұл салынды.
ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Сонымен қатар пара берген Aлакөл ауданының тұрғындары – Орал Бүлгінчинов пен Қанат Қанагатовқа қатысты да сот үкім шығарды. Бүлгінчинов 6 миллион теңге, Қанагатов 2,2 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Аты аталған тұлғалардың өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне тыйым салынды.