Су тасқыны кезінде адамдарға дамба салуға көмектескен итті атып тастаған – облыс әкімі себебін түсіндірді
Атырауда көктемгі су тасқыны кезінде адамдарға көмек көрсетіп, желіде танымал болған «Пішөн» атты итті ветеринариялық қызмет мамандары атқан. Артынша оны иесі өлі күйінде тапқан. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бұл жағдайдың себебін түсіндірді.
«Су тасқыны кезінде адамдарға көмектескен ит өліп қалғаны туралы ақпарат тарады. Оны атып тастаған. Сонда Атырау облысында көшеде жүрген иттің бәрін жаппай ату тәжірибесі қолданыла ма? Бұл қалай болды?», – деп сұрады журналист.
Өңір әкімі бұл оқиғадан хабары бар екенін, жағдайдың себебін анықтағанын жеткізді. Айтуынша, оқиға Махамбет ауданында болған.
«Пішөн деген итіміз кезінде дамба құрылысында адамдарға көмек көрсетіп, әлеуметтік желілерде танылған. Бұл жағдай 28 қараша күні болған. Сол күні ауыл тұрғыны өз үйіне кіре алмай жатқанын, ауласында бұралқы иттер жүргенін айтып хабарласқан. Содан ит аулайтын мамандар келіп ұйықтататын дәріні қолдана отырып, иттерді атқан. Артынша Жайық өзенінің жағасынан иттің өлексесі табылған. Қазір бұл факті бойынша тексеріс жүріп жатыр», – деді әкім.
Әкім өңірде иттерді жаппай атып тастау тәжірибесі қолданылмайтынын, қабаған иттердің ғана атылатынын айтты. Қоршаған ортаға қауіпсіз деп танылғандары зарарсыздандырылып, қайта босатылады.
Шәпкенов аталған оқиғаға қатысты мән-жайлардың барлығы тексеріліп, иттің өліміне не себеп болғаны анықталатынын, бұл істі өз бақылауында ұстайтынын айтты.