«Семей Орманы» табиғи резерватының бес гектардан астам аумағы шекара бекетін салуға беріледі
Үкімет Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Ауыл» шекара өткізу бекетін салу үшін «Семей орманы» резерватының бес гектардан астам аумағын беруді жоспарлап отыр. Жоба қаулысы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«Абай облысының «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жалпы алаңы 5,1 гектар жерлерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатынан ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Алтай ауданы Шығыс Қазақстан облысы бойынша шекара басқармасының «Ауыл» шекара өткізу пунктін (автокөлік) салу, жайластыру және оның жұмыс істеуі үшін аумақтар жерлері санатынан босалқы жерлері санатына ауыстырылсын көзделеді», – делінген құжатта.
Сондай-ақ жерлерді беру барысында Абай облысының табиғи ресурстар басқармасы орман шаруашылығының шығындарын бюджетке өтуге және аумақты тазарту жұмыстарын жүргізуге міндетті. Тазартылған ағаш материалдарын резерват балансына тапсыру көзделген.
Ресеймен шектесетін «Ауыл» (Веселоярск) шекара өткізу бекеті Абай облысының Бородулиха ауданының аумағында орналасқан.
Айта кетейік, екі ел арасындағы мемлекеттік шекара сызығында шекаралық белгілерді орнату бойынша далалық демаркациялық жұмыстар әлі де жалғасуда. Барлық шекара делимитацияланды, демаркация мәселесі республиканың шығысындағы Ресеймен арадағы шекарада қалып отыр.
Қазақстан мен Ресей бірлескен мемлекеттік шекараның делимитациясын 2005 жылы аяқтаған болатын. Осылайша, картада шекара сызығы нақты анықталып, екі тарап келісімге қол қойған еді. Бұл келісім 2006 жылдың қаңтарында күшіне енді. Ал, 2007 жылы екі мемлекеттің шекара мәселелерін шешуге арналған арнайы комиссия құрылды.
Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7,5 мың шақырымнан асады. Бұл әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы
Еске салсақ, осыған дейін «Курсив» 2023 жылы алапат өрт болған «Семей орманы» табиғи резерватындағы ағаштардың 4,5 млрд теңгеге сатылып жатқанын жазған болатын.