Оңтүстік Корея Президенті елде әскери режим енгізілгенін мәлімдеді

Жарияланды (жаңартылды )
Оңтүстік Корея аумағында соғыс режимі жарияланды /фото: yna.co.kr

Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёл елде төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы сейсенбі, 3 желтоқсанда Yonhap агенттігі хабарлады.

Юн Сок Ёл теледидар арқылы әскери жағдай енгізілгенін мәлімдеп,  либералдық конституциялық құрылысты «коммунистік күштерден» қорғау қажет деп нақтылады.

BBC ақпараты бойынша соғыс режимі «Солтүстік Кореяны қолдайтын күштерді жою» және «конституциялық тәртіпті сақтау» үшін енгізілуде.

«Соғыс жағдайы солтүстікке жанашыр күштерді жоюға және конституциялық құрылысты қорғауға ықпал етеді», – деді Президент.

Оның айтуынша, қауіп Солтүстік Кореядан да, «жойылуы» қажет жергілікті «мемлекетке қарсы элементтерден» келеді.

YTN телеарнасының сайты президенттің халыққа үндеуін жариялады. Юн Сок Ёл оппозицияны негізгі мемлекеттік қайраткерлерге импичмент жариялауға тырысып, мемлекеттің жұмысын тоқтатты деп айыптады.

«Бұл – еркін Корея Республикасының конституциялық құрылысын бұзатын және Конституция мен заңдармен бекітілген заңды мемлекеттік институттарды жойып, азаматтық соғысты тудыруға тырысатын айқын мемлекетке қарсы әрекет», – деді Юн Сок Ёл.

Сонымен бірге билеуші ​​партияның басшысы әскери жағдайды заңсыз деп атап, оған тосқауыл қоюға уәде берді деп хабарлайды Yonhap агенттігі.

Демократиялық партия жетекшісі Ли Чжэ Мён президенттің әрекетін Конституцияға қайшы және заңсыз деп атады. Ол кеш болмағанына қарамастан халықты «осы елді қорғау үшін» парламент алдына жиналуға шақырды. Оның айтуынша, Ұлттық жиналыс депутаттарын тұтқындау үшін әскерилердің жұмылдырылуының ықтималдығы өте жоғары. «Біз прокурорлар үстемдік ететін елден әскері басым елге көшетін сияқтымыз», – деп түйіндеді оппозиция лидері.

Ақпарат құралдарында Сеулдегі Парламенті үйі алдында наразы тұрғындардың жиналғанын, оларға әскерилер тойтарыс беріп жатқанын жазуда.

Сеул
Сеулдегі Парлмаент ғимаратына қарай әскери техникалар беттеген/ фото: t.me/worldprotest

Пхеньян бұған дейін екі ел арасындағы автомобиль және темір жолдарды толығымен жауып тастауға, сондай-ақ өз тарапынан шекараны одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұған дейін Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны шекара маңына ұшқышсыз ұшақтар ұшырды деп айыптап, шұғыл жауап беруге шақырды.

Қазақстанда әзірше әуе қатынасы тоқтағаны туралы ақпарат жарияланған жоқ. Air Astana баспасөз қызметі кестеге өзгеріс енген жоқ деп хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз