Миллиардтарды қалай ұрлауға болады? Түркістан облысының әкімдігі жол жөндеу саласында 2,2 млрд теңгеге негізсіз шарт жасасқан

Жарияланды
Жергілікті атқару органдары талап етілмесе де, жобалау-сметалық құжаттарды жасауға 210 млн теңге жұмсапты/фото: shutterstock

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әкімдіктердің жолға бөлінген бюджет қаржысын жымқыру тәсілдерін әшкере етті. Түркістан облысында автокөлік жолдарын салу және жөндеу барысын жіті талдап, 2,2 млрд теңгеге негізсіз шарт жасалғанын анықтады. Сондай-ақ бәсекелестік қағидаттарына сай келмейтін тәсілдер пайдаланылған.

Құзырлы органның мәліметінше, облыста автожол саласында жүйелі жемқорлыққа жол ашатын тәуекелдер белгілі болып отыр. Әрине, бұған, ең алдымен, әкімдіктер жауапты. Олар «төтенше жағдайлар салдарын жою», «зияткерлік меншік нысандарын сатып ал» деген сылтауларды көлденең тартып, «қолайлы» мердігерлерді іріктеп алған. Бұл байқау рәсімдерін айналып өтуге әкеп соғады.

Сонымен қатар талаптарға сай келмесе де, жұмыс тәжірибесі, қажетті ресурстары болмаса да, артықшылыққа ие болған. Осының кесірінен, сметаға қосымша шығындар негізсіз енгізілген. Жұмыстар 177 млн теңгеге қымбаттап шыға келген.  
Жергілікті атқару органдары талап етілмесе де, жобалау-сметалық құжаттарды жасауға 210 млн теңге жұмсапты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Құзырлы органның пәрменімен Түркістан облысының әкімдігі күтпеген шығыстарды алып тастауға мәжбүр болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықтың жолын кесу мақсатымен заңнамаға өзгерістер енгізуге бастама көтеріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз