Досаев Алматының қоқысын жинау үшін 2025 жылға 10 млрд теңге бөлмек
Алматыдағы тұрмыстық қалдықтарды жинау және ағаш отырғызу үшін келесі жылы 10,6 млрд теңге бөліну жоспарланған. Бұл туралы қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Әзірге бюджет нақты емес, қаржы сомасы Алматы мәслихатының алдағы сессиясында қаралады. 2025 жылы сол қаржыдан Үлкен Алматы және Қарғалы сияқты өзен арналарын қайта құру, сондай-ақ «Сайран» су қоймасын абаттандыру көзделген.
Қала ішіне көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2025 жылы 17 мың ірі ағаш отырғызу жоспарланған, оның ішінде 15 мың ағаштың биіктігі 4 метрден асса, 2 мың ағаштың биіктігі 6 метрден асады. Биыл бюджет қаражаты есебінен 170 мың көшет отырғызу көзделген еді. Күзгі маусымнан бері 110 мыңнан астамы егілді.
2025 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесін жаңарту жалғасып, 2 мыңнан аса контейнерлік алаң салыну жоспарланған. Сондай-ақ Іле ауданында ҚТҚ көмуге арналған жаңа полигонның жобасы әзірленіп жатыр.
Осы жылы қала әкімі Ерболат Досаев президент қабылдауында болып, қала бюджетінің 9 айда 205 млрд теңгеге толығып, 1,8 трлн теңгеге жеткенін атап өтті. Соның арқасында алдағы 2025 және 2030 жылға дейінгі басымдық берілген жобалардың қаржысын ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін айтқан еді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бейнебақылау жүйесіне 16,3 млрд теңге бөлу жоспарланған.