354 ірі мұнай компаниясы салықты доллармен төлейді. Бұл ел бюджетіне қалай әсер етеді?
Доллардың өсуі бюджетке салықтық түсімдер көлемінің артуына оң ықпал етеді. Бұл туралы Сенат кулуарында Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.
«Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллардың өсуі республикалық бюджеттің толығуына оң әсер ететінін айтты. Мұнай компаниялары салықты доллармен төлейді екен. Осы орайда мемлекет қазынасы қанша пайызға толығатынын айтасыз ба?», – деп сұрады бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.
Қаржы министрі расымен бюджет кірісі доллармен төленетін салықтар есебінен артуы мүмкін екенін, алайда оның нәтижелері алдағы 1-2 күнде ғана белгілі болатынын мәлімдеді.
«Иә, расында бюджет түсімі артуы мүмкін. Қазіргі таңда өнімді бөлу туралы келісім жасаған мұнай компаниялары шикізатты экспортқа шығарғаны үшін салықты доллармен төлейді. Сәйкесінше оны теңгеге айналдырғанда, бюджетке түсетін түсім көлемі артады. Бірақ біз қанша сомаға толыққанын дәл қазір бағамдай алмаймыз, оның нәтижесі келесі айларда белгілі болады», – деді министр.
Такиев барлығы 354 ірі компания министрлік мониторингінде бақылауда тұрғанын, олардың барлығы салықты доллармен төлейтінін атап өтті. Ал олардан ел бюджетіне түсетін салық көлемі жалпы салықтық түсімдердің 60%-ын құрайды екен.
«Ал әзірге бұл компаниялардан түсетін салық есебінен ел бюджеті нақты қанша пайызға артатынын кесіп айтуға әлі ерте»,– деді Тәкиев.