«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 9 айда 2,5 трлн теңге пайда тапқан
2024 жылдың 9 айында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2,5 трлн теңге таза пайда тапқан. 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі 1,98 трлн теңгемен салыстырғанда 27,3%-ға артық. Бұл туралы компанияның шоғырландырылған аудиттелмеген қаржы есептілігінде жазылған.
Әл-ауқат қорының активтері жыл басынан бері 4,7%-ға өсіп, 38,65 трлн теңгені құрады. Міндеттемелер 5,9%-ға азайып, 14,29 трлн теңгеге дейін төмендеді. Меншікті капитал 12,07%-ға ұлғайып, 24,36 трлн теңге деңгейінде қалыптасты.
«Самұрық-Қазына» қоры 9 айда 12 трлн теңге түсім алған. Жалпы пайда 2,86 трлн теңгені құрап, 8%-ға өсті. Соның ішінде операциялық қызметтен түскен пайда 35,5%-ға өсіп, 2,19 трлн теңгеге жетті.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» 2024 жылы мемлекет пайдасына 1,3 трлн теңге бөлгенін хабарлаған. Алайда қазақстандық сарапшылар бюджетке қомақты қаржы аударып отырған қор Үкіметтің қосымша «қоржынына айналды» деп сынға алған.
2008 жылы құрылған қордың жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Қазір қор иелігінде мұнай-газ, әуе тасымалы, энергетика және өнеркәсіп саласындағы ірі 26 компанияның үлесі бар. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», ҚТЖ, QazaqGaz, Самұрық Энерго», KEGOC, Қазпочта, «Қазақтелеком» мен олардың еншілес ұйымдары тұр.