АҚШ санкциясын айналып өтеді: Ресей табиғи газ ақысын төлеу тәртібін өзгертті
Ресей президенті Владимир Путин «Газпромбанктің» ресейлік газдың ақысын рубльмен қабылдауына рұқсат беретін жарлыққа қол қойды. Осылайша «Газпромбанкпен» арадағы келісімге делдалдардың араласуына рұқсат берді.
2022 жылдың 1 сәуірінен бері «достық пейілдегі емес» елдердің компаниялары газ сатып алу үшін «Газпромбанкте» рубль және валютадағы К типті шот ашуға міндетті болатын. Банк валютаны өзі биржада рубльге айырбастап сататын, бірақ бұл процесс аяқталғанша, газ ақысы төленбеген деп саналады. Еуропалықтар қазір Ресейден жылына шамамен 30 млрд текше метр газ сатып алады. Соғысқа дейін 150 млрд текше метрге дейін жеткен.
Ал жаңа жарлық газ ақысын үшінші тұлғалар арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін ондай мүмкіндік болмаған. Ресейден газ сатып алушылар егер шетел валютасымен төлем жасағысы келсе, басқа банкте шот ашуы керек. Бұл банк қаражатты ресейлік валютаға айырбастап, «Газпромбанкке» аударуы тиіс. Оған қоса, үшінші жақ нақты сатып алушылар үшін де төлем жасай алады.
Десе де, «Газпромбанк» төлем өңдеуге уәкілетті банк болып қала береді. Алайда санкцияға ұшыраған ұйым ретінде төлемі тек рубльде қабылдайды.
Путиннің шешімі АҚШ-тың «Газпромбанкке» салған санкциясы Еуропаға газ жеткізуді тоқтатуға әкеп соғады деген қауіпті жұмсартты. Ол Ресейге АҚШ санкциясын ішінара айналып өтіп, Еуропаға газ жеткізуді жалғастыруына мүмкіндік береді.
АҚШ «Газпромбанк» пен оның Қазақстандағы филиалына 21 қарашада санкция салған. «Газпромбанк» – Ресейдегі ең ірі банктердің бірі. Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан мен Қытайда өкілдіктері бар.