Халықаралық стандартқа сай. Жаңа жылдан бастап мектептердегі ас мәзірі өзгереді
Жаңа жылдан бастап мектептердегі ас мәзірі өзгереді. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, мектеп асханаларында тамақтану стандарты енгізіліп, халықарлық нормаларға сәйкестендіріледі. Бұл туралы министрлік өкілі парламенттік тыңдау барысында айтты.
Министрлік өкілі 2024 жылы мектептерде бірнеше улану фактілері тіркелгенін, бұл оқиғалардан кейін елдегі барлық мектептің тексерілгенін айтты. Министрліктің мәліметінше, елдің 840 мектебінде (12%) түрлі бұзушылықтар анықталған. Бұл бұзушылықтарға байланысты 24 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 іс прокуратураға жіберілген.
«Қазіргі уақытта мұндай тексерістер Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде жүргізіледі. Өкінішке қарай, бұл кодекске сәйкес, біз тексеріс болатынын алдын-ала ескертіп барып жүзеге асыруымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, алдын-ала ескерткен соң, олар дайындалып, қажетті шараларды әзірлеп қояды. Осыны ескере келе біз тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тексеру тетіктерін ұсынып жатырмыз. Ол үшін балалары бар нысандар ерекше бақылау объектілері қатарына енгізілуі керек», –деді Сұлтанғазиев.
Сонымен бірге вице-министр UNICEF және Дүниежүзілік денсаулық ұйымымен, Ұлттық қоғамтану академиясымен бірге балалардың тамақтану стандарттары қаралып, әзірленгенін атап өтті.
«Барлық мектептегі мәзірді қайта қарап шықтық. Стандарттарды осы жылдың соңына дейін бекітіп, келесі жылдан бастап қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Ал Оқу-ағарту вице министрі Еділ Оспанов тамақтану мәзірінің балалардың жас ерекшеліктеріне, диеталық қажеттілігіне сай дайындалғанын айтты.