Зейнетақы салымдарынан да табыс табуға болады
Қазақстанда зейнетақы активтерін инвестициялық компаниялардың басқаруына беріп, табыс табуға болады. Оны қандай ұйым іске асырады, кепілді пайда бар ма, алаяқтарға алданып қалмаудың жолы қандай? Кursiv.Мedia тілшісі зерттеп, толық нұсқаулық ұсынады.
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару деген не?
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру – инвестициялық портфельді басқарушы компания көрсететін қызмет түрі. Сол арқылы әр қазақстандық БЖЗҚ-дағы жеке шотында жатқан қаржыны арттыра алады. Бұл ҚР Ұлттық Банкі мен БЖЗҚ арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде іске асырылады.
2021 жылға дейін салымшылардың барлық зейнетақы активі БЖЗҚ-да ғана сақталатын. Оны Ұлттық банк басқаратын. Яғни салымшылардың қалауына қарамастан6 зейнетақы активтерін бір ғана ұйым басқара алатын.
Өзгеріс 2021 жылы енгізілді
Ұлттық банк зейнетақы активтерін қандай қаржы құралдарына инвестициялауды, қандай мөлшерде, табыстылық деңгейін жеке шешетін. Бұл БЖЗҚ активтерінің жалпы инвестициялық кірісін құрайды.
2021 жылдан бастап салымшыларға «жеткіліктілік шегі» деп аталатын мөлшерден асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға рұқсат берілді. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту, ем қабылдау бар. Сонымен қатар жекелеген қызмет түрлері, оның ішінде зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру бар.
2023 жылы талаптар жеңілдетілді
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ережелер жеңілдетілді. Салымшылар жинақталған зейнетақы қаражатының 50%-на дейін сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұл ретте «жеткіліктілік шегі» талабы жойылды.
Яғни БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотыңызда нақты қанша активтеріңіз бар екені маңызды емес. Әр адам лицензиясы бар жеке инвестициялық компания басқаруына зейнетақы активтерінің 50%-дан аспайтын сомасын беруге құқылы.
Айта кету керек, басқарушы компанияларға қойылатын талаптармен қатар жеке басқарушы компанияларға қатысты жаңалықтар енгізіліп, ақпаратты ашық жариялау шарты да белгіленген. Жеке менеджерлер үшін бірыңғай инвестициялық принциптер әзірленді және бекітілді, оның ішінде рұқсат етілген құралдардың тізімі және олардың активтердегі үлесі бар.
Басқарушы компанияны қалай таңдаған дұрыс?
Бүгінгі таңда Қазақстанда зейнетақы активтерін басқаруға реттеушіден лицензия алған 5 жеке инвестициялық компания жұмыс істейді. Барлық аккредиттелген басқарушылардың тізімі БЖЗҚ веб-сайтында «Қызметтер» бөлімінде – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде көрсетілген.
Реттеуші дәл осы компанияларға ғана зейнетақы активтерін аударуды ұсынады. Себебі қазір алаяқтық фактілері жиілеген кезеңде мол табысқа кенелемін деп, алданып қалмау маңызды.
Осылайша, жеке компанияның басқаруына ақша аудару арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен инфляция деңгейінен жоғары табыс табуға болады.
Салымдарды басқарушы компанияларға берудің маңызы неде?
Бұл ретте балама кіріс табу мүмкіндігінен басқа, қазақстандықтардың активтерді сенімгерлік басқаруға беруінің тағы бірнеше артықшылықтары бар.
Мәселен, біріншісі, тәуекелдер мен кірістерді әртараптандыру мүмкіндігі.
Екіншісі – қызмет алу ыңғайлылығы. Ақша мен оның сомасын аудару бойынша еш шектеулер жоқ. Тіпті күн сайын 1000 теңгені де аударып отыруға болады.
Үшіншіден, шығындар жоқ. Активтерді беру кезінде барлық шығынды БЖЗҚ және басқарушы компания өтейді.
Төртіншіден, қазіргі кезде жеке басқарушы компанияларға бақылау күшейтілді. Оларды реттеуші –Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайды.
Бұл ретте компанияларға қойылатын талаптар жоғары. Басқару лицензиясын алу үшін инвестициялық компанияның 3 млрд теңгеден асатын меншікті капиталы, кемінде 2 жыл портфельді басқару тәжірибесі болуы шарт. Сонымен қатар нормативтер қатаң сақталуы тиіс.
Инвестициялық процестің өзі басқарушы компания бұза алмайтын қатаң ережелермен (инвестициялық декларация) реттеледі.
Бесіншіден, жеке басқарушы компанияларға барлық зейнетақы активтерінің 50%-ға дейінгі бөлігін валюталық активтерге (долларда және еуродағы бағалы қағаздар) инвестициялауға рұқсат етілген. Бұл теңгенің құнсыздануынан болатын шығын тәуекелін азайтады.
Инвестициялық портфель құрылымы
Биылғы 1 қарашада зейнетақы активтерінің жалпы сомасы – 21 564,51 млрд теңгеден асты. Оның ішінде инвестициялық портфельді басқарушылар қорындағы зейнетақы активтері 60,95 млрд теңгеге жуық.
Зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары қандай?
Атап айтқанда:
- ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары – 41,96%;
- Квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,10%;
- Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары – 4,46%;
- Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 2,52%;
- ҚРҰБ депозиттері – 1,87%;
- ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 1,80%;
- МҚҰ – 1,65%.
Ал активтер қандай валютада жинақталады?
БЖЗҚ деректеріне сүйенсек:
- Теңгедегі – 60,33%;
- АҚШ долларымен – 39,66%;
- Өзге валютадағы зейнетақы активтері портфелдің – 0,01%-ы.
Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ доллар бағамының құбылуы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан 2024 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 2,39 трлн теңгені құрады. Бұл ретте жыл басынан бері салымшылардың зейнетақы активтерінің кірістілігі 12,67%-ды құрады.
1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде осындай қызметті көрсететін 5 компанияның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері шамамен:
- «Jusan Invest» АҚ – 9,98 млрд теңге;
- «Halyk Global Markets» АҚ – 4,48 млрд теңге;
- «BCC Invest» АҚ – 5,22 млрд теңге;
- «Сентрас Секьюритиз» АҚ – 1,70 млрд теңге;
- «Halyk Finance» АҚ – 39,57 млрд теңге.
Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға берерде нені білуі керек?
Ең маңыздысы – жоғарыда аталған 5 компаниядан басқа ешбір ұйым бұл қызметті заңды іске асырмайтынын естен шығармаңыз. Сонымен қатар ақша БЖЗҚ-дағы салымшының жеке шотынан электрондық қолтаңба арқылы басқарушыларға онлайн аударылады. Қаржы 30 күн ішінде түседі. Ақшаңыздың табыстылығын зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме арқылы қадағалауға болады. Бұған қоса БЖЗҚ-ға ақшаны аударған күннен бастап 2 жылға дейін қайтара алмайды. Оның ішінде инвестициялық кіріс пен аударылған ақшаны да кері аудара алмайсыз. Еске сала кетсек, 2024 жылғы қаңтар-тамызда қазақстандықтардың зейнетақы активтері жылдық 3 трлн теңге немесе 17%-ға өскен еді. БЖЗҚ-ның дерегінше, жинақтардың 96,25%-ы міндетті зейнетақы жарналары болды.