Елдегі ұялы байланыс қызметтерінің бағасы жыл соңына дейін өзгеріссіз қалады — Цифрлық даму министрлігі
Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс қызметтерінің бағасы жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалатынын мәлім етті. Министрлік байланыс операторларымен келісімге келді.
Ведомство бұл бастамасын азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған деп түсіндірді.
«ҚР Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен талқылау нәтижесінде байланыс қызметтерінің қолданыстағы тарифтерін 2024 жылдың соңына дейін сақтап қалу туралы келісімге келгенін хабарлайды», – делінген министрлік хабарламасында.
Цифрлық даму министрлігі байланыс құнының тұрақтылығы цифрлық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды шарт екенін мәлімдейді. Байланыс операторлары да бұл бастамаға қарсы болмаған. Олар экономикалық қиындықтарға қарамастан, қолданыстағы тарифтерді сақтап қалуға дайын екендіктерін жеткізген.
Айта кетейік, байланыс қызметіне жұмсалатын қаражат көлемі күрт азайған. Мәселен, тамыз айында байланыс қызметіне 18,8 млрд теңге жұмсалған. Бұл көрсеткіш – 2023 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 10,6%-ға аз. DATA HUB талдауына сай инфляцияны есепке алсақ, шығын көлемі 21,3%-ға күрт азайған. Осындай үрдіс соңғы 8,5 жылда алғаш рет байқалып отыр. Оған кейінгі уақытта ұялы байланыстың бағасының тез өсіп жатқаны әсер еткенін байқауға болады. Атап айтқанда, тамыз айындағы есеп бойынша бір жылда тариф 20,9%-ға қымбаттады.
Еске салсақ, Қазақстанның ұялы байланыс операторлары 2023 жылы тарифтерді 57-59%-ға дейін өсірген. Осыған дейін депутат Елнұр Бейсенбаев тариф ай сайын өсіп жатқанын айтып мәселе көтерген болатын.
Сондай-ақ министрлік Қазақстанда енді телефон нөмірлерін тек е-Gov порталы арқылы беруді көздеп отыр. Енді әр азаматқа бір ғана SIM-карта беріледі. Бұл қадам елдегі алаяқтық қылмыстардың алдын-алу мақсатында жүзеге асырылады.