Талғар әкіміне үміткерлер халыққа қандай уәде берді?
Қайғылы оқиға орын алған Талғар қаласының әкімін сайлау 15 желтоқсанда өтеді. Бүгінде қала әкімі болуға әкімдіктің төңірегінде қызмет атқаратын үш кандидат іріктеліп тіркеліп отыр. Kursiv Media әкім орнына ұсынылған үміткерлермен және Талғар қаласының халқымен тілдесіп, сайлау қарсаңында арнайы репортаж дайындады.
Үміткерлердің уәдесі қандай? Кандидаттар неден қорықты?
Amanat партиясының өкілі 41 жастағы Арыстанбек Әбілхайырұлы үш үмтікердің бірі. Ол әкім үміткері болуға басында қорыққан. Тіпті бұл қалаға екінің бірі әкім болып келе бермейтінін, келсе де мың ойланып барып бірақ шешім қабылдайтынын айтады. Өзі де сөйткен.
«Бірінші басында қорықтым. Мен өзімді ондайға алып келген себебім, кабинетімізде, бөлмемізде қорқып, жауапсыздықтан қорқып жатып алсақ кім істейді бұл жерде. Бұл қаланың басшысы жоқ, жағдайы осындай болып тұрған кезде мен ойлаймын екінің бірі келе бермес. Келген азаматтардың өзі де мың рет ойланып, мың рет ұйықтап тұрып келеді деп ойлаймын. 100 мың адамы бар жерде халықтың көңілінен шығу өте қиын, – деді Арыстанбек Әбілхайырұлы.
Десе де үміткер халыққа қашанда ашық болуға уәде беріп отыр. Тіпті халықтың 60-70%-ы қолдайтынына сенімді.
Талғар ауданы әкімдігінің бас маманы әрі әкім лауазымына тағы бір үміткер Жәнібек Қаденов. Ол аты шулы қаланы басқаруға бел буған қалада шешілмеген мәселе көп екенін атап өтті. Ал әкім болуға шешім қабылдауына лауазымдық өсу емес, қаланың жағдайы алаңдатқан.
«Біріншіден, бұл лауазымдық өсу емес, халықтың және қаланың жағдайы. Өзімнің осында жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдай уақыт бодды. Екі жылдың ішінде біраз нәрсе көрдім және өзгертетін дүние өте көп. Мысалы, әлеуметтік жағдай. Бізде халық өте көп, сол халықтың арыз-шағымдары да көп. Оны шешу үшін жергілікті атқару органы мен халық тығыз байланыста болуы керек. Кейбір әкімдерге жолыға алмаймыз дейді, кейбір мәселелерімізді айтып жеткізе алмаймыз дейді. Сондықтан мен мемлекет басшысы айтқандай, халықты тыңдай білетін мемлекет құруға септігімді тигізссем деймін», – деді ол.
Талғар ауданы әкімі сайлауына тіркелген үшінші үміткер өзін-өзі ұсынған «Бесағаш» ауылдық округі әкімінің орынбасары Әлібек Рамазанов. Ол Kursiv Media тілшісіне сұхбат беруге апта бұрын келісім берген. Алайда журналистің шалған қоңырауына жауап бермей, сұхбатқа да келмеді.
Талғар ауданы әкімі сайлауына тіркелген үш үміткерді халық тани ма?
«Талғар қаласының әкімін сайлауға барасыз ба» деген сауалға жергілікті халық екіұдай пікірде екенін жеткізді. Бірі бұл мәселе халықпен ақылдаспай-ақ шешіледі десе, енді бірі сайлауға талғарлықтар міндетті түрде баратынын айтады. Десе де тұрғындар әкімдікке кімдердің үміткер екенінен бейхабар. Тіпті сайлау жайлы ақпаратты да естімеген. Хабарлама оқыдық, көрдік деген халық табылмады.
«Бізсіз-ақ сайлайды ғой», – деп қысқа қайырды қала тұрғыны.
«Міндетті түрде қатысамыз ғой, бірақ сайлау болатыны жайлы естіген жоқпыз, кандитаттардың ешқайсысын танымаймыз, айтылған жоқ естіген жоқпыз» , – дейді тағы бірі.
«Кандитаттарды білмеймін, бірақ барамын», – деп жауап берді қала тұрғыны.
Талғарлықтар жаңа әкімнен не күтеді?
Талғар халқы 2020 жылы көз жұмған Жоламан Омаровтың нағыз жанашыр әкім болғанын еске алды. Ендігі сайланатын басшы да сол марқұм болып кеткен әкім сияқты жұмыс істеп, халыққа жақын болса деген тілектері бар.
«Жоламан жолдастың жұмыс істейтіндей болса, мен онда разымын. Қалғандары қашып кетеді, қара халықты қабылдағысы келмейді. Уақытын жазады, қашып жүреді, алдыдан кірсең, артынан шығып кетеді», – дейді Талғар тұрғыны.
Жергілікті халықты алаңдататын мәселелерін де жасырып қалмады. Мәселен, көпшілігінің жол мәселесіне көңілдері толмайды. Қала тазалығы мен көшелердің жарығы және қаңғыбас иттердің проблемалары ғана бас ауыртады. Талғарлықтардың басқа уәжі жоқ.
Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ бар ма?
Талғарлықтар да, әкім болуға үміткерлер де қалада болған сұмдық жағдай бойынша тіс жармады. Kursiv Media тілшісі еске салып, көпшіліктің пікірін білуге тырысты. Тұрғындардың кейбірі ұйымдасқан қылмыстық топтар елдегі өзге де ауыл-аймақтарда барын айтады. Ал кейбірі мұны теріске шығарды.
«Сіздер ойлағандай, ОПГ деп шығарып алыпты ғой, ондай мүлдем жоқ. Ондай еш уақытта болмағанда. Мына жағдайдан кейін бұрынғы әкім бостан-босқа кетіп қалды», – деді қала тұрғыны.
«Мен осы қалада қанша жылдан бері тұрамын, меніңше жақсы қала. Әркім өз қаласына үйреніп алған ғой, сондықтан әркімге өз жері жақсы болып көрінеді. Біз ешқашан соншалықты қылмыстық істер болғанын көрген емеспіз», – деді тағы бірі.
«Негізі Талғарға жететін жер жоқ, неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Бірақ енді ондай еместігін бәріміз білеміз ғой, өмір болған соң небір нәрсе кездеседі», – деді тұрғындар.
Үміткерлер Талғардағы қауіпсіздікті қайтіп күшейтеді?
Талғар басшылығына үміткерлер қауіпсіздік мәселесіне ең алдымен әкімдік емес, құзырлы орган өкілдері көңіл бөлу керек деп есептейді.
«Біз бәрін әкімдікке келіп бұрмалап қоямыз. Ертең қандай жағдай болса да, әкім кінәлі деп шығамыз. Бұл жерде алдын-алу жұмыстары. Ол тікелей жергілікті құзырлы органдарымыз бар. Енді бірігіп-бірлесіп атсалысамыз. Сондай қайғыға апаратын жағдайлар, сондай ұйымдар болып жатқан жағдайда (ұйымдасқан қылмыстық топ- ред), әрине, жоюға ат салысамын», – деді Арыстанбек Әбілхайырұлы.