Байденнің әкімшілігі Киевке әскери көмек есебінде 988 миллион доллар бөледі

Жарияланды (жаңартылды )
Байденнің әкімшілігі Киевке әскери көмек беруді жеделдетуде/ фото: kursiv.media

АҚШ Украинаға құны 988 миллион доллар әскери көмек пакеті берілетінін мәлімдеді.

Алпауыт елдің қорғаныс министрлігінің дерегі бойынша, негізгі мақсат – Ресей агрессиясына қарсы күресте жеңіске жету үшін Киевке қолдау көрсету. Джо Байден әкімшілігі осымен Украинаға қауіпсіздікке көмек көрсету бастамасының (USAI) бөлігі ретінде 22-ші көмек пакетін ұсынып отыр.

Жаңа көмек пакетіне дрондар, танктер, бронетранспортерлер, HIMARS зымыран жүйелеріне арналған оқ-дәрілер, артиллериялық жүйелерге қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер енгізілді.

«Америка Құрама Штаттары басқа одақтастарымен бірге Украинаға «соғыста жеңіске жету үшін» қажет қолдау көрсетуді жалғастырады»,  – дейді Пентагон.

Джо Байденнің президенттік мерзімі 2025 жылдың қаңтарында аяқталады. Оның орнына мемлекет басшысы ретінде республикашыл Дональд Трамп келеді.

Одан бөлек Вашингтон Еуропа елдеріне 80 мың әскер жіберді. Америка Құрама Штаттарының жасақтары Еуропадағы Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымына мүше елдердің аумағында орналасты. АҚШ Президенті Ресейге қарсы әскери күшті нығайта түскенін мәлімдеген.

7 желтоқсан күні Парижде өрттен кейін қалпына келтірілген Нотр-Дам соборының ашылуына АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп қатысты. Франция президенті Эммануэль Макрон Трампты Елисей сарайында қабылдаған. Бұл диалогқа Украина Президенті Владимир Зеленский қосылды. Ол Трамппен жарты сағаттай әңгімелескен. Зеленский Парижде ұйымдастырылған кездесу үшін Макронға алғыс айтты.

Трамп сайлауалды кезеңінде АҚШ пен Украина соғысын тоқтатуға уәде берген. Еуропа елдері бұған қатысты АҚШ саясаты лезде өзгеріп кетуінен қауіптенеді. Олар алпауыт елдің Украинаға қолдау көрсетуден бас тартпауын құптап отыр. Байденнің көмек пакеттерін беруді жеделдетуінің бір сыры осында болса керек.

The Wall Street Journal (WSJ) украиналық шенеунікке сілтеме жасай отырып, 2025 жылы Ресейге қарсы тұру үшін Украинаға Батыстың 126 млрд доллар көмегі қажет болатынын жазған. Киев НАТО-ның құрамына жуырда кіре алмайтынын аңдай отырып, АҚШ пен Еуроодақтың қолдауынсыз жеңіске жету қиын екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз