Трамп ФРЖ басшысын ауыстырмайтын болды, Қытайда жылжымайтын мүлік нарығы тоқырай бастады, Сауд Арабиясы мұнай бағасын төмендетіп жатыр

Жарияланды
обзор
Фото: shutterstock

Дональд Трамп сайлаудан кейін берген алғашқы сұхбатында АҚШ-қа импортталатын тауарларға баж салығын көтеруді жоспарлап отырғанын растады. Ол бұл қадам бағаның қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін де мойындады. Осы және өзге де мәселелер туралы өткен демалыс күндеріне арналған әлемдік БАҚ шолуын оқыңыздар.

Пауэлл ФРЖ басшылығынан кетпейтін болды

Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында 2025 жылы АҚШ президенті қызметіне кіріскен соң ФРЖ төрағасы Джером Пауэллды ауыстырмайтынын мәлімдеді. Пауэллдың өкілеттік мерзімі 2026 жылы аяқталады. Бірақ Трамп Пауэллдің пайыздық мөлшерлемелер туралы пікірталастарынан кейін «тыныштықпен кетпейтінін» айтты.

Сайлау алдындағы науқан кезінде Трамп ипотека ставкаларын төмендетуді уәде етті. Бұл оның Пауэллмен тағы да қақтығысуына себеп болуы мүмкін. Бұған дейін Трамп АҚШ президенті пайыздық мөлшерлеме шешімдеріне дауыс беру құқығын алуға тиіс деп мәлімдеген еді. Оның бұл идеядан бас тартқаны белгісіз. Бірақ Пауэллға қатысты бейбіт риторика нарықтар үшін жақсы сигнал болып саналады. Өйткені бұл қақтығыстың жалғасуы нарықтарды тұрақсыздық пен белгісіздікке әкелуі мүмкін.

Дегенмен жаңа әкімшіліктің ФРЖ-мен қарым-қатынасы импортқа баж салығының қымбаттауынан қиындықтар туындатуы мүмкін. Себебі бұл инфляцияның жаңа толқынына түрткі болады. Трамп сұхбатында АҚШ-қа импортталатын тауарларға, тек Қытай ғана емес, басқа да ірі импорттаушыларға да баж салығын арттыруды жоспарлап отырғанын әрі бұл шараның бағаның өсуіне әкелуі мүмкін екенін растады.

2025 жыл: АҚШ қор нарығының әлеуеті қандай?

WSJ сарапшылары АҚШ қор нарығының 2025 жылғы жағдайына қатысты өз болжамдарын ұсынды. Негізгі мәселе – жасанды интеллект (ЖИ) бумының жалғасып я жалғаспайтыны. Себебі нарық қазір бір қарағанда «өте қымбат» болып көрінеді.

Аналитиктердің пікірінше, егер ірі «сауда соғысы» басталмаса, Дональд Трамптың саясаты АҚШ қор нарығы үшін пайдалы болады. Бұдан бөлек, америкалық қор нарығында акциялардың өсуіне әсер ететін көптеген жаңа компаниялар қосылып жатқанын атап өткен жөн. Шағын компаниялар мен стартаптарды қадағалайтын Russell 2000 индексі үш жылдағы бірінші рекордын тіркеді. Қарашаның қорытындысы S&P 500 көрсеткішін екі есе арттырды.

Бұл маңызды, себебі мұндай нарық секторлардың бірі тоқтап қалған жағдайда да құлдырауға төзімді болады. Ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында үлкен технологиялық компаниялар жақсы табыс әкелген. Алайда ұзақ мерзімді перспективада күтілетін өсім әлдеқайда төмен. Goldman S&P 500 индексінің келесі онжылдықта жылына 3%-дан артық өспейтінін болжап отыр, Bank of America тек 1%-дық өсімді болжады.

Кейбір стратегтер жасанды интеллекінің инвесторлар күткен табыс пен монетизация деңгейіне жете алмайтынын айтып, болашақта үлкен шығындар болуы мүмкін деп ескертеді. Intelligent Wealth Solutions компаниясы 2025 жылға қатысты да скептикалық көзқараста, ал Wealth Consulting Group кіші компанияларға инвестицияларды күшейтуге кеңес береді.

Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығын жақсарту шаралары

Синьхуа агенттігі жексенбіде Қытайдың реттеуші органдары жылжымайтын мүлік нарығын қолдау үшін жаңа шараларды енгізуге дайын екенін хабарлады. Бұл шаралар жер пайдалану, салық саясаты және қаржылық құралдарды жетілдіруге бағытталады. Толық мәліметтер жақында Қытай Коммунистік партиясының жыл сайынғы орталық экономикалық жұмыс конференциясынан кейін жарияланады.

Қараша айында Қытайдағы тұрғын үй нарығында сату көлемі 6,9%-ға төмендеген. Мәселе айтарлықтай ауыр. Қытай үкіметі жағдайды «нарықтың түбі көрінді» деп атады. Бұл сала Қытай ЖІӨ-нің төрттен бірін құрайды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қытай президенті Си Цзиньпин ішкі тұтынуды арттыру үшін реформалар жүргізілмесе, ел экономикасының жылдық өсуі 4%-дан да төмен болуы мүмкін екенін ескертті.

Сауд Арабиясы мұнай бағасын төмендетіп жатыр

Мемлекеттік мұнай өндіруші Aramco Азияға арналған Arab Light бағасын барреліне 80 центке төмендететінін хабарлады. Бұл қадам ОПЕК+ елдерінің өткен аптада мұнай өндіру шектеулерін тағы үш айға созғаннан кейін жасалды. Сауд Арабиясының әрекеттері әлемдік мұнай нарығының болашағы әлсіз екенін көрсетеді, деп жазды Bloomberg.

Aramco сондай-ақ Солтүстік-Батыс Еуропа мен Жерорта теңізі үшін бағаны төмендетті, бірақ Солтүстік Америка үшін өзгеріс болмады. Жаһандық нарықта артық өндіріс қаупі ОПЕК+ елдері үшін күрделі таңдау туындатады. Олардың алдында екі таңдау тұр: мұнай өндіру шектеулерін ұзарту немесе бағаның құлдырауымен бетпе-бет келу.

Сондай-ақ оқыңыз