«Шерзат Болаттың ағасы өз-өзіне қол салар алдында туыстарымен қоштасып, жазба қалдырған» – полиция
Талғар қаласында бір топ адамның қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол салардың алдында мессенджер арқылы жазба қалдырған. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаменті хабарлады.
Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, 30 жастағы жігіт асылып қалған. Мәйіттің Шерзат Болаттың ағасы екені нақты анықталып отыр.
«Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады», – делінген Полиция департаментінің бейнехабарламасында.
Полицияның дерегінше, бұл факті бойынша қызмыстық іс қозғалып, барлық жағдайды анықтау мақсатымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алматы облысы полиция департаменті азаматтарды ресми дереккөздерге сенуге, жалған ақпарат таратпауға, бұл үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу жазасы бар екенін хабарлап отыр.
Айта кететін жайт, Талғар қаласындағы дүкендегі ерегістің арты жаппай төбелеске ұласып, 16 жасар Шерзат Болат анасының көз алдында өлген болатын. Нұрқанат Ғайыпбаев осы жанжал кезінде жарақат алған еді. Шерзат Болаттың өлімі бойынша 11 күдікті ұсталып, қазір тергеліп жатыр.