Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан, мұнай мен алтын бағасы қымбаттады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюі салдарынан, мұнай бағасы қымбаттап жатыр. Өткен демалыста Сирияны 20 жыл басқарған Башар Асад билігі құлап, «Хаят Тахрир аш-Шам» тобы Дамаск қаласын басып алды.

Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың ақпандағы фьючерстерінің құны барреліне 71,48 долларды құрады. Жұма, 6 желтоқсан күні бұл келісімшарттар барреліне 0,97 доллар (1,4%) төмендеп, 71,12 долларды құраған болатын.

Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) электронды саудада қаңтардағы WTI мұнай фьючерстерінің бағасы осы уақытқа дейін 0,38 долларға (0,57%) өсіп, барреліне 67,58 долларды құрады.

Сонымен қатар әлемдік нарықта алтын бағасы да көтерілді. Алтынның бір унциясы 2 637 доллардан асты.

Демалыс күндері Дамаск қаласы «Хаят Тахрир аш-Шам» қарулы тобының иелігіне көшті. 20 жылдан астам уақыт ел билеген Башар Асад елден кетті. Оның отбасымен бірге Мәскеуге ұшып кеткенін ТАСС агенттігіне Кремль өкілдері растаған.

Reuters басылымының жазуынша, мұнай бағасына тек Сириядағы жағдай ғана емес, басқа да факторлар әсер еткен. Сарапшылардың пайымдауынша, Таяу Шығыстағы саяси жағдайдың шиеленісуі әлемдік мұнай нарығындағы белгісіздікті жаңа деңгейге шығарды.

«Алайда Сауд Арабиясының бағаны төмендетуі және өткен аптада ОПЕК+ өндірісті қысқартуының жалғасуы – Қытайдан келетін сұраныстың әлсіздігін байқатады. Бұл жыл соңына дейін нарықты жұмсартуы мүмкін», – дейді Mitsubishi UFJ Research and Consulting компаниясының аға экономисі Томомичи Акута.

Сауд Арабиясы жексенбі, 8 желтоқсан күні 2025 жылдың қаңтар айындағы азиялық сатып алушылар үшін бағаны 2021 жылғы деңгейге арзандататынын хабарлаған. Оған себеп – Қытай тарапынан сұраныстың әлсіздігі.

Сондай-ақ оқыңыз