2025 жылы мұнай бағасы 70 долларға дейін арзандайды – Ұлттық банк

Жарияланды
Узбекнефтегаз продаст в ходе IPO до 2% акций
2025 жылы мұнай бағасы 70 долларға дейін арзандайды /фото: kursiv.media

2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,2%, ал Қазақстан экономикасының өсімі 4,5%-ды құрайды. Ұлттық банк өз есебінде осылай деп көрсетіп отыр.

Реттеуші есебінше, 2024 жылдың 9 айында ЖІӨ 4,1%-ды құрады, дегенмен алғашқы жартыжылдықта айтарлықтай баяулағаны байқалған. Бірақ жыл соңына қарай осы қарқынды сақтап, 4-4,5% аралығында тұрақталады деп күтеді. Банк алдағы үш жылға да позитивті болжаммен қарайды. 2025 жылы экономикалық белсенділік 4,5-5,5%, 2026 жылы 4,6-5,6%-ға дейін өседі. 2027 жылы 3,3-5,3% диапазонында сақталады деп отыр.   

Бас банктің талдауынша, инфляция деңгейі де келесі жылы айтарлықтай өзгереді. 2025 жылы – 6,5-8,5% аралығында, 2026 жылы – 5,5-7,5% шегінде, 2027 жылы 5%-ға жақындайды деп болжайды.

Ұлттық банк есебінде мұнай бағасына қатысты болжамын жазған. Биылғы базалық сценарий бойынша мұнай бағасы 80,3 доллар деңгейінде тұрақталады деп күтеді. Бірақ 2025-2026 жылдары қара алтын бағасы барреліне 70 долларға түседі.

«Қытай мен ЭЫДҰ елдерінен сұраныс әлсіз, сондай-ақ 2025 жылы әлемдік экономиканың өсуі бұрын болжанғаннан төмен болады. ОПЕК+ елдерінің 2025 жылдың басынан бастап мұнай өндіруге шектеуді жеңілдету және Солтүстік пен Оңтүстік Америка елдерінде өндірісті ұлғайту мұнай нарығындағы ұсыныстың профицитіне ықпал етеді», – деп жазылған банк есебінде.

Әлемдік экономиканың өсімі де айтарлықтай жоғары болмайды. Оған Еуропада жеке тұтыну мен инвестициялардың бәсеңдеуі, Ресейде жылдың екінші жартысындағы төмен көрсеткіштері әсер етіп отыр. Банк мамандарының болжамынша, Қытайда да осыған ұқсас жағдай, экономикалық құрылымдық проблемалар мен жеке тұтынудың қысқаруы әсерінен 2026 жылға қарай өсім 4,1%-ға дейін баяулауы мүмкін.

Бұған дейін Еуразиялық даму банкі де Қазақстан экономикасына қатысты болжамын бөліскен. Банк сарапшыларының болжамынша, 2025 жылы елдегі ЖІӨ 5,5%-ға өседі, ал доллардың орташаға бағамы 486 теңге көлемінде болады. Ал инфляция деңгейі жыл соңына қарай 7,3%-ға түседі деген еді.

Сондай-ақ оқыңыз