Полиция Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ұстағанын хабарлады

Жарияланды (жаңартылды )
Інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты жерлеген соң, ол «қоғамдық тәртіпке» қауіп төндірген/фото:Kursiv.mediа мұрағаты

Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұсталды. Полицияның айтуынша, інісі Нұрқанат Ғайыпбаевты жерлеген соң, ол «қоғамдық тәртіпке» қауіп төндірген.

«Н. деген азамат прокурордың заңдылықты сақтау туралы түсіндіргенін елең қылмады. Өзін өте агрессивті ұстады. Қоршағандарға қауіп төндіретінін айтты. Суицид жасайтынын айтты. Сондай-ақ полиция қызметкеріне пышақпен шабуылдады», – делінген полиция хабарламасында.

Полицияның пікірінше, оның әрекеттері өзіне де, басқаларға да қауіп төндіруі мүмкін болды.

«Туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша, өзінің және басқалардың өміріне қауіп төнбес үшін полиция шара қолданды. Қазір ол полиция бөліміне әкелінген. Полиция жағдайды тұрақтандыруға жұмыс істеп жатыр. Азаматтарды тыныштық сақтауға шақырамыз», – делінген хабарламада.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейін, журналистерді шақыруды талап етіп, Қаржаубай Нұрымов інісі қайтыс болған күні оқиғаның қалай өрбігенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл қылмысқа Талғар полициясы қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін. Өйткені інісін іздеп бара жатқанда қарсы алдынан полиция қызметкері шыққанын айтты.

«Мен Газель көлігімен бара жатқанмын. Қарсы алдымнан Кia кроссовер автокөлігі (тау жақтан-ред) түсті. Көлік жүрмей қалып, қарсы көліктегілерден «Нұрқанатты көрмедіңдер ме?» деп сұрауға оқталдым. Қасымдағы Дастан бұл – ІІД оперлері екенін айтты. Сосын біз Нұрқанатты іздедік. Олар да бізбен бірге іздеді», – дейді Қаржаубай.

Нұрымов сол Кia көлігін табуды талап етіп отыр. Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін олар жоқ болып кеткен. Кейін Нұрқанаттың қайтыс болғаны белгілі болады. Қаржаубай көлікті полиция әкеткен кезде куәгерлер (понятое) әкімдік қызметкерлері болғанын айтты.  

«Баламды өлтіргенде шыдадым. Інім бар деп жүрдім. Енді мені өлтірсе, өлтірсін, соттаса соттасын», – деді Қаржаубай Нұрымов.

Сондай-ақ оқыңыз