Мемлекет құс етін өндіруге бөлетін субсидияның игілігін өзге елдер көріп отыр
Мемлекет құс етіне бөлген қаражат қалай өзге елдерге кетіп жатыр. Отандық өндіріске бағытталған субсидияның қызығын көрші елдер көріп отырған жоқ па? Елде құс еті өндірісін дамытуға бағытталған субсидиялардың ішкі нарықты қамтудағы тиімділігі төмен екенін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
Елдің бас аудиторының мәліметінше, Қазақстанда ішкі нарықты отандық құс етімен қамту үшін жыл сайын миллардтаған қаражат бөлінеді. Мәселен, өткен жылы 32 құс етін өңдіретін кәсіпорынға 22 млрд теңге көлемінде субсидия берілген. Алайда мемлекеттің қайтарымсыз беретін бұл қаражатының ішкі нарыққа тиімділігі төмен болып отыр.
«Қазақстанда өндірілетін құс еті ішкі нарықта, көтерме саудада келісіне 1200 теңгеден, бөлшек саудада 1400 теңгеден сатылады. Ал дәл сол субсидияланған құс етін көрші елдерге 800-900 теңгеге экспорттайды. Сол себепті біз құс етіне бөлініп жатқан субсидияның тиімділігі шамалы деп ойлаймыз», – деді Смайылов.
Яғни, мемлекет қалай қаражатты тиімсіз субсидияға жұмсап отырғаны осыдан көрініп тұр. Смайылов құс етін ішкі нарықта да осындай төмен бағамен сатуды ұсынып отыр. Бұл мақсатта мемлекет қаржысын алатын өндірушілерге қарсы міндеттемелер жүктеу қажет деп санайды.
«Өндірушілер өз өнімдерін ел ішінде де осындай төмен бағада сатса, ішкі нарықта отандық құс етіне сұраныс арта түседі. Сонымен бірге импорт көлемінің төмендеуіне үлес қосады. Сол себепті құс етін өндіретін кәсіпорындарға қарсы міндеттемелер қойған дұрыс деп санаймыз», – деді палата төрағасы.
Айтуынша, 2023 жылы ішкі нарықта құс еті импортының үлесі 34%-ды құраған. Осылайша отандық өндірушілер өз елімізді отандық өніммен қамти алмай отыр.
KursivMedia редакциясы Мәжіліс кулуарында, Жоғары аудиторлық палатаның Ауыл шаруашылығы секторының аудит меңгерушісі Асан Бексұлтановтан бұл мәселені нақтылай түсті. Мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алып келген өндірушілердің екі жыл қатарынан Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне ішкі нарықтық құннан да төмен бағада құс етін экспорттап келген.
«Құс еті 800-900 теңгеден Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталып келген. 2022-2023 жылдарға жүргізілген аудит барысында біз осындай фактілерді анықтадық. Жалпы, 2 жылда 15 мың тонна ет сыртқа жіберілген», – деді Бексұлтанов.