Украинаның Ресейге жасаған соққысынан, қазақ мұнайын тасымалдайтын «Дружба» мұнай құбыры зардап шекпеген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
нефтепровод
Фото: SLavFreeSpirit, бильд-редактор Дастан Шанай

Украинаның Ресейдің Брянск облысына жасаған соққысынан, қазақ мұнайын Греманияға жеткізетін «Дружба» мұнай құбыры зақымданбаған. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның мұнай тасымалына қауіп жоқ.

11 желтоқсанға қараған түні Украинадан ұшырылған оншақты ұшқызсыз дрон Ресейдің Брянск облысындағы мұнай өңдеу зауытын нысанаға алған. Брянск облысы жергілікті билігінің мәліметінше, дрондардың шабуылынан өндірістік нысанда өрт шыққанымен, тез арада сөндірілген.

«Ресей тарапының айтуынша, Қазақстан мұнайын тасымалдауға пайдаланылатын инфрақұрылым зардап шеккен жоқ. Осылайша, қазақстандық мұнай жеткізілімдеріне қауіп жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.

1 желтоқсанда «Дружба» құбырының Польшаның Пневы қаласының маңындағы учаскесінде апат орын алған. Зақымдалған желі бойынша мұнай тасымалдау тоқтатылып, мұнай екінші желі арқылы жеткізіле бастады.

Ол кезде де Энергетика министрлігі құбырдағы апат Қазақстанның мұнай тасымалдау жоспарына кері әсер етпегенін хабарлады. Өйткені апат болған уақытқа дейін бір айлық жоспар бойынша қазақстандық мұнай жеткізіліп үлгерген.

«Дружба» мұнай құбырының солтүстік тармағы арқылы тек Қазақстан мұнайы Германияға жеткізіледі. Ал оңтүстік тармағы Ресей мұнайын Венгрия мен Словакияға тасымалдайды.

Сондай-ақ оқыңыз