Кеңес Рақышевқа тиесілі компания 4,4 млн доллар жұмсап, Tethys Petroleum-дағы үлесін арттырады

Жарияланды
Fincraft Group компаниясы Tethys Petroleum-дағы үлесін 34,31%-ға арттырады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Group компаниясы Tethys Petroleum Limited («Tethys») компаниясының 8 443 398 жай акциясын сатып алып, ондағы үлесін 34,3%-ға жеткізеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Сатып алынатын акциялар жалпы шығарылған жай акциялардың 7,35%-ын құрайды. Келісімге сәйкес, акциялар бір акция үшін 0,7719 канадалық доллар бағасымен сатып алынады. Бұл жалпы сомасы 6 518 134,39 канадалық долларды құрайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Құжаттарды рәсімдеуге байланысты сатып алу мәмілесі 2025 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

2024 жылдың 11 қазанында компания Tethys Petroleum-нің 30 959 133 жай акциясын сатып алатынын мәлімдеді. Бұл шығарылған жай акциялардың 26,95%-ын құрайды. Сол кезде айтылғандай, Fincraft Group Тethys Petroleum-нің 23 009 133 жай акциясын сатып алған. Ал соңғы мәміледен кейін компанияның жалпы акцияларының саны 39 402 531 жай акцияны құрайтын болады. Бұл жалпы шығарылған жай акциялардың 34,31%-ына тең. Солайша компания үлесі 7,35%-ға артады.

Компания бұл акцияларды инвестициялық мақсаттарда сатып алатынын мәлімдеді. Айта кетейік, Tethys Petroleum-нің бас кеңсесі Кайман аралдарында орналасқан. Компания мұнай мен табиғи газ кен орындарын игерумен және барлау жұмыстарымен айналысады.

Мұның алдында Рақышев бақылайтын «Fincraft Group» компаниясының «Tethys Petroleum Limited» компаниясындағы үлесін 20,03%-ға көбейтетіні жайлы ақпарат тарады.

«Fincraft Group» компаниясы бұдан бөлек «ARK Petroleum» 50%-ына, «Nordland Petroleum Inc» 100%-ына, «Equus Petroleum Limited» 50%-ына және «Beineu Petroleum Limited» 40%-ына иелік етеді.  

Сондай-ақ оқыңыз