Назарбаев университеті аудиторлық палатаның республикалық бюджетке тәуелді деген сынымен келіспейді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Назарбаев университетінің республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 50%-ды құрайды / Коллаж: kursiv.media архиві

Назарбаев  университетіне жүргізілген аудит қорытындысын жариялап, бірқатар кемшілікті атаған Әлихан Смайыловтың мәлімдемесінен кейін, оқу орны ізін суытпай түсініктеме берді.

Оқу орны ұсынған мәліметке сенсек, аудит барысында анықталған қаржылық бұзушылықтардың студенттердің жол жүру ақысына, мемлекеттік шәкіртақыларына және ЖОО-дағы академиялық және ғылыми қызметке қатысы жоқ.

Университет аудиторлық палата басшысы Смайыловтың оқу орны әлі күнге дейін республикалық бюджетке тәуелді болып қалып отыр дегенімен келсіпейді.

«2024 жылы университетті республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 50%-ды құрайды, қалған сома эндаумент-қор және демеушілер, сондай-ақ білім беру, ғылыми-зерттеу және өзге де қызметтерді ұсыну есебінен жиналады. Конкурстық рәсімдерді қолданбай, сатып алу Назарбаев университетінің Қамқоршылық кеңесі бекіткен Сатып алу қағидаларында көзделетінін хабарлаймыз», – делінген хабарламада.

Аудиторлардың тексерісінен кейін, университет кемшіліктерді жоятынын және болашақта мұндай тәуекелдерге жол бермейтінін мәлімдеді.

Назарбаев университеті 73 млрд теңгені тиімсіз жоспарлаған ба?

Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Назарбаев университеті мемлекеттен алған 73 млрд теңгені тиімсіз жоспарлағанын айтқан болатын. Палата басшысы университет мемлекеттік бюджетке 97%-ға тәуелді болып отырғанын мәлім етті.

Қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарының бірі ерекше мәртебеге, бұрын-соңды болмаған дербестікке және салықтық жеңілдіктерге ие екенін айта кетейік.

Еске сала кетейік, осыған дейін «Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» қатысты да дау шыққан болатын. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Назарбаев Зияткерлік мектептерін қаржыландыруға қатысты мәлімдеме жасады. Депутаттың айтуынша, 2011-2024 жылдар аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бір оқушысына жыл сайын 27 миллион теңге бөлінген. 

Сондай-ақ оқыңыз