Бір аптада 7 мың бала QR-код арқылы сенім қызметіне жүгінген
2024 жылдың 1-7 желтоқсан аралығында психологиялық немесе өзге қиындықтары бар 7 мыңнан астам бала сенім қызметіне QR-код арқылы жүгінген. Бұл туралы Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин айтты.
Қариннің айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың қараша айына дейін 111 нөміріне 100 мыңнан астам қоңырау түскен. Көбіне көмекке ересек адамдар жүгініп, бір жылда 1000-нан астам ғана бала көмек сұраған. Алайда балалардың қиындық туралы телефонмен сөйлесе алмайтын жағдайларын ескеріп, кеңес сенім қызметімен QR-код арқылы байланысу мүмкіндігін жасаған. Осыдан кейін 1 апта ішінде сенім қызметіне 7 000 бала жүгінген.
«Осындай жиындардың бірінде Цифрлық даму министрлігіне өтініш айтып, қысқа мерзімде QR-код дайындадық. Әкімдіктермен білім басқармаларының көмегімен осы кодты елдегі барлық дерлік мектепке қойып шықтық. Код арқылы 1 желтоқсан мен 7 желтоқсан аралығында көмекке жүгінген балалардың саны 7 000 болды», – дейді мемлекеттік хатшы.
QR-код елдегі мектептердің басым бөлігінде қойылып үлгерген. Оны мектепке кіре берістен бастап, әртүрлі орындарға, дәретхана мен асханаларға дейін жапсырған.
«Осыған дейін бір жылда 1 000 бала ғана жүгінсе, QR-код арқылы бір аптада 7 000 бала жүгінді. Яғни қаншама бала қиын жағдайда жүрген. Балалар құқығы жөнінде арнайы уәкіл Динара Закиева осы әрбір кейсті ашып, жеке-жеке жұмыс істеуді бастады», – деді Қарин.
Қазір кеңес осы QR-код арқылы көмекке жүгінген балаларға жауап беретін операторлар санын арттыруды көздеп отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе өзге де өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған 111 нөмірлі сенім телефоны 24/7 жұмыс істейді.