Болат Назарбаевқа қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесіне тиесілі Алматыдағы «Никольский» базарын шетелдіктерге сатып жібермек болған 3 адам ұсталды
Қаржы мониторингі агенттігі Болат Назарбаевқа рейдерлік жасауға көмектескен Айдос Қоспаевқа тиесілі Алматының «Никольский» базарын алаяқтық жолмен шетелдіктерге сатып жіберуге әрекеттенген үш адамды ұстады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызмет хабарлады.
«Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының тәркіленген мүлкін шетелдіктерге сату әрекеті әшкереленді. ҚМА сот үкімі бойынша тәркіленуге жататын тыйым салынған мүлікті заңсыз сату фактісі бойынша тергеу жүргізуде», – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттік мәліметінше, «Nikolsky Investment» ЖШС-ның құрылтайшысы – Айдос Қоспаев. Қаржы мониторингі агенттігі тергеу аясында ЖШС-ға тиесілі Алматы қаласындағы «Никольский» базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салған.
Бірақ күдіктінің тергеліп жатқанына және мүлікке тыйым салынғанына қарамастан, базарға қатысты құжаттарды алаяқтық жолмен рәсімдеп, шетелге сатуға әрекеттенген.
2024 жылдың қыркүйегінде алаяқтық үшін сотталған үш азамат «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ базасына жалған ақпарат енгізіп, шектеулерді алып тастаған. Солайша базарды шетелдіктерге сату мақсатында бөгде адамдарға қайта ресімдеген. Ал 5 қазан күні құны 2,2 млрд теңге болатын базар мен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта ресімделген.
«Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен «Қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сондай-ақ жалған құжаттар жасап, мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткен сыбайлас анықталды. Тергеу жалғасуда», – деп хабарлайды агенттік.
Ал мұның алдында ҚМА Болат Наразбаевтың көмекшісіне тиесілі «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік басып алу фактілері бойынша тергеуді аяқтаған болатын.
ҚМА Айдос Қоспаевтың мүлкін де жария етті. Оның өз үйінде экзотикалық жануар – арыстандарды ұстағаны белгілі болды.