«Газпром» қарыздан шыға алмаған қазақстандық «Ангренсор Trading» көмір кәсіпорнын сатып жібермекші
«Газпром энергохолдинг» (ГЭХ) 100% үлесі өзіне тиесілі қазақстандық «Ангренсор Trading» көмір трейдерін 23,4 млрд рубль (117 млрд теңге) сатпақшы. Бұл туралы «Газпромбанктің» сайтында жарияланған есептен белгілі болды. Сауда 27 желтоқсанға дейін жалғасады.
Қазақстандық «Ангренсор Trading» кәсіпорнын «ГЭХ» компаниясына тиесілі «Центрэнергохолдинг» 2016 жылы сатып алған еді. «Ангренсор Trading» кәсіпорыны Екібастұз кен орнынан тас көмір жеткізеді. Оған тиесілі «Ангренсор Энерго» екібастұз көмірін өндіруімен айналысады.
«Газпром» «Ангренсор Trading» кәсіпорнын шикізат жеткізу мәселесін шешу үшін сатып алды. Оған дейін қазақстандық және ресейлік тарап арасында көмір сатып алуға қатысты келісімшарт жасауда жиі кедергілер болатын еді.
«Сондықтан біз үшін өзіміздің жеке ресурс базамыз болғаны дұрыс деп есептедік», – деген еді ресейлік компания директоры Денис Федоров.
Солай «Газпром энерго» Қазақстандағы көмір кәсіпорнын 2 трлн рубльге сатып алған. Бірақ «Ангренсор Trading» кәсіпорнының бұрынғы иесінен қалған қарыздары болды. «ГЭХ» оны жабу үшін тағы 8,5 млрд рубльге несие берді. Келісімшарт жасалғаннан кейін, «ГЭХ» Қазақстандағы көмір өндірісін дамытуды жоспарлаған.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның мәліметінше, 2017 жылы «Ангренсордың» Қазақстандағы жалпы көмір өндірісі көлеміндегі үлесі 5%-ға тең болып, бестікке кірді. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша да кәсіпорын елде көмір өндіретін ірі компаниялардың қатарына кірді. «Ангренсордан» шығарылатын шикізат негізінен Ресей нарығына жіберіледі.
Бірақ компанияның қаржылық жағдайы жақсара қоймады. 2023 жылы жарияланған аудиторлық есепке сенсек, «Ангренсор Энергоның» қарызы 58,6 млрд теңгеге болған, ал таза активтердің құны 33,7 млрд теңге (теріс мағынасында).
Жалпы Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдік ондыққа кіреді. Шикізатты Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Шығыс Еуропа елдеріне тасымалдайды. Ең үлкен экспорт көлемі Ресейге жіберіледі.
Дегенмен Қазақстан мен Ресей арасындағы көмір тасымалы осы жылы азайып кетті. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Қазақстаннан Ресейге импортталатын көмір үлесі былтырмен салыстырғанда 3%-ға азайып, 14 млн тоннаны құрады деп жазады NEFT Research.