Қазақстанның сыртқы қарызы 7,8 трлн теңгеге өседі – Қаржы министрлігі
Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы 7,2 трлн теңгені құрайды. Ал Азия Даму Банкінен, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен және Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын 600 млрд теңгеден астам қарызды қосқанда, мемлекеттің жалпы сыртқы қарызының көлемі 7,8 трлн теңгеге артады. Бұл жайлы Сенат кулуарында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты.
Министрлік өкілі бұл қарыздың жеңілдетілген шарттармен берілетінін айтып, не себепті жапон йенасында алынатынын түсіндерді.
«Бюджеттік заңнамада бюджет тапшылығы туралы ұғым бар. Бюджет тапшылығы көрсеткіші жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7%-ды құрап отыр. Бұл үш қарыз бізге жеңілдетілген шарттармен, жапон йенасымен беріліп отыр. Бізге қолжетімді валюталар арасында жапон йенасының бағамы ең төменгі сатыларда»,- деді ол.
Вице-министрлің айтуынша, қарыздың шекті мәніне сәйкес, мемлекеттік борыш көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 32%-дан аспауы керек, ал үкіметтік борыш ЖІӨ-ге шаққанда 27,7%-дан аспауы тиіс. Ал қазіргі күні мемлекеттік борыш көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 22,6%-ды, үкіметтік қарыз – 21,3%-құрайды.
«Жалпы мемлекеттің борышы 30 трлн теңге көлемінде. Оның 7,2 трлн теңгесі сыртқы қарыз. Енді біз 600 млрд теңге көлеміндегі қарызды алып жатырмыз. Сонда мемлекеттің сыртқы борышы ЖІӨ-ге шаққанда 22,6%-дан 23%-ға, яғни 7,2 трлн теңгеден 7,8 трлн теңгеге өседі»,- деді Кеңбейіл.
Айта кетейік, Сенат қарыз алуға қатысты үш жобаны да мақұлдады. Енді бұл жобаларға перзидент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қоюя керек.