«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары 25 пайызға өскен
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары жыл басынан бері 25%-ға өскен. Қазір ҚМГ бір акциясының құны 14 400 теңгені құрайды.
Төленген дивиденд мөлшерін ескерсе, акцияның табыстылығы 30%-ды құраған. ҚазМұнайГаздың нарықтағы қазіргі капиталы 8,8 трлн теңгеге жеткен.
Бұл ретте, 2022 жылы желтоқсанда IPO өткізілген уақыттан бері ҚМГ акцияларының құны 71%-ға өсті, ал төленген дивиденд көлемін қоса есептегенде жиынтық табыстылығы 83%-ды құрады. IPO-ға шыққан сәттен бастап ҚМГ акцияларының құны бір акция үшін 8,4 мың теңгеден 14,4 мың теңгеге жетті.
Қаржы есебіне сәйкес, ҚМГ 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 867 млрд теңге таза пайда алған. Биыл компания акционерлеріне 350 млрд теңге көлемінде дивиденд төлемекші.
ҚМГ-ның 67,42 % акциясы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі болса, Қаржы министрлігі 20 % акциясына иелік етеді. Сонымен қатар 9,58 %-на Ұлттық банк ие.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ — мұнай-газ саласындағы мемлекеттің мүддесін қорғайтын, Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы индустрия саласында көшбасшылық позициясын сақтап келеді.