Қазақстан 19 жыл ішінде Қашағаннан 5,4 млрд доллар пайда көрген. Енді жағдай өзгеруі мүмкін
19 жыл ішінде Қашаған мұнай жобасынан түскен жалпы табыс 58 млрд долларды құрады. Сол уақыт аралығында Қазақстан пайдасына 5,4 млрд доллар төленген. Бұл туралы Energy Insights&Analytics сарапшылары жариялаған талдауда жазылған.
2004-2023 жыл аралығында кен орнындағы капиталдық шығындар 58 млрд доллар, ал операциялық шығындар 28 млрд доллар болды. Нәтижесінде жобадағы қаржы айналымы – 30,6 млрд долларды (теріс нәтижеде) құраған.
Жобадан түсетін салық жүктемесі де көп емес, 2023 жылы көрсеткіш 5% көлемінде болды.
«Бірақ бұл уақытша. Ол құбылыс компанияның салық жүктемесін көтеретіндей деңгейге жете қоймауынан болып отыр. 2024 жылы консорциум мүшелері табыс салығын да төлей бастайды. Салық көлемі күрт көбейеді деген болжам бар. Консорциум мүшелері 2023 жылға дейін жиналған шығындарға байланысты оны [табыс салығы] төлемеген еді», – деп түсіндіреді Energy Monitor сарапшылары.
Мамандардың сөзінше, осыдан кейін Қашаған мұнайынан түсетін табыс яғни салық көлемі біртіндеп ұлғайып, 2041 жылға қарай 30%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал 2024-2041 жылдар аралығында кен орнындағы қаржы айналымы 181 млрд долларға дейін жетеді деген болжам бар.
Ұйым сарапшыларының атап өтуінше, тек «ҚазМұнайГаз» ҰК-дағы үлесі арқылы берген ақшалай жарнаны есептемегенде, Қазақстан бұл жобаға қаржылай ресурс салмаған.
Айта кету керек, Қазақстан мен NCOC Консорциумы арасында шешілмеген арбитраждық дау бар. 2023 жылдың сәуірінде Қазақстан Қашаған операторынан жоғалған пайда үшін 13 млрд доллар талап етіп, сотқа шағым түсірген еді. Ел үкіметі Қашағанда мұнай өндіретін компаниялар тендерлік процедураларды бұзып, келісім-шарт аясындағы жұмысты толық жасамаған деп айыптады. Осыдан кейін талап еткен қаржы көлемін 150 млрд долларға дейін көтерді.
Бұл ғана емес. Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін де консорциумға 5,1 млрд доллар көлемінде айыппұл салған.
«Қашаған Қазақстан үшін экономикалық жағынан да, стратегиялық жағынан да негізгі активтің бірі деп саналады. Оның потенциалын толық ашу үшін қазіргі дауды шешіп, жаңа инвестиция тарта білу өте маңызды», – деп жазады Energy Monitor сарапшылары.
Солтүстік Каспий қайраңында орналасқан Қашаған мұнай-газ кен орны – Қазақстандағы маңызды энергетикалық ресурстың бірі. Қашағанды халықаралық мұнай компанияларының консорциумы NCOC басқарады. Жобаның инвесторлары: «ҚазМұнайГаз» ҰК, TotalEnergies, Shell, ExxonMobil, ENI, CNPC және Inpex.