«Алматы жастары» бағдарламасына құжаты өтпегендер қайта өтініш бере алады – әкімдік
Алматы әкімдігі «Алматы жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысу үшін өтінімдерді қосымша іріктеу басталғанын хабарлайды.
Іріктеудің бұл кезеңінде 2024 жылдың 29 шілдесі мен 7 тамызға дейінгі аралықта бағдарламаға қатысуға өтініш беріп, бірақ құжаттарды дұрыс толтырмаған себепті іріктеуден өте алмаған азаматтарға екінші мүмкіндік беріледі.
«Редакциялауға жіберілген өтінімдер туралы ақпарат бағдарлама сайтының басты бетінде «Қайта өңдеуге жіберілген азаматтар тізімі» бөлімінде қолжетімді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Редакциялау процедурасы бағдарламаның ресми сайтында өтеді. Жеңілдетілген несиеге үй алуға ниетті жастар 23-31 желтоқсан аралығында құжаттарға түзетулер мен жаңартулар енгізуі керек.
Алматы әкімдігі «Алматы жастары» бағдарламасына қосымша 1,4 млрд теңге бөледі. Бұл қаражат әлеуметтік салада, құқық қорғау және коммуналдық салаларда еңбек ететін жастардың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік береді.