Қазақстанда балалардың 40%-ы кедейлікте өмір сүреді – Дүниежүзілік банк зерттеуі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, 2016-2021 жылдары Қазақстандағы кедейлік деңгейі 49,5%-дан 8,5%-ға дейін төмендеді. Алайда осы 15 жылда кедейлікте өмір сүретін балалардың қатары 27%-дан 40%-ға дейін артқан. Олар – көпбалалы, білім деңгейі төмен, жас отбасында дүниеге келгендер.

Қазақстанның барлық аймағындағы кедейшілік деңгейі айтарлықтай төмендегенімен, диспропорция әлі де сақталып отыр. Атап айтқанда Түркістан облысындағы кедей халықтың үлесі артқан. Бұл облыста кедейлікте өмір сүретіндердің қатары 15 жылда 14,4-тен 24%-ға дейін жетті. Үш және одан көп баласы бар отбасылардың кедейлік деңгейі 82-ден 19%-ға дейін төмендегенімен, қазір олар тақыр кедейлердің шамамен 44%-ын құрайды.

Жалпы Дүниежүзілік банк 2016-2021 жылдар аралығында 5,9 млн адам кедейлік қамытынан құтылды деп тұжырымдайды. Ауылдағы кедейшілік деңгейі 60,4%-дан 11,4%-ға дейін төмендесе, қаладағы кедейлік 41,2%-дан 6,6%-ға дейін азайды. Оған себеп – 2006-2021 жылдар аралығында Қазақстан экономикасының қарқынды дамып, жылына 4,7%-ға өсуі.

«Тұрақты экономикалық өсу мен еңбек өнімділігінің артуы нәтижесінде халықтың табысы өсіп, өркендеу кезеңі басталды. 2006-2021 жылдар аралығында жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 548 912 теңгеден 791 285 теңгеге (ұлттық валютаның нақтыланған бірлігінде), ал үй шаруашылығының тұтынуы жан басына шаққанда 279 891 теңгеден 500 529 теңгеге дейін өсті. Кедейлік төмендеп, өмір сүру деңгейі жақсарғандықтан, ел табысы ортадан төмен деңгейден ортадан жоғары табысқа ұлғайды», – деп жазады Дүниежүлік банк.

Банк зерттеуінде 2016 жылдан бері кіріс көлеміндегі теңсіздік тереңдей бастағаны айтылған. Алайда кіріс көлемі ортадан жоғары саналатын өзге мемлекеттермен салыстырғанда, төмен болған.

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, Қазақстанда 1 млн астам адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз.

Сондай-ақ оқыңыз