Қаржы пирамидасын құрды деп күдікке ілінген ресейлік брокер Қазақстан нарығына қайта шықпақ
Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген ресейлік «Финам» брокері Қазақстан нарығына қайта шықпақ. Компанияның басқарма төрағасы Владислав Кочетковтың мәлімдеуінше, жақын арада жергілікті брокерді сатып алуы мүмкін.
Кочетков Frank Media-ға берген сұхбатында, компанияның Қазақстанға қызығушылығы артып отырғанын атап өткен:
«Біз Қазақстан нарығына шығу процесін қайта бастадық. Жақында бұл елге барып, бірқатар келіссөздер жүргіздік. Біз үшін бұл бағыттың қызықты екенін түсіндік», – деді ол.
Оның айтуынша, компания ресми мәмілені 2025 жылдың бірінші тоқсанында жасауы мүмкін. Нақты қандай брокерді сатып алатыны ашық айтылмаған. Алайда ол Қазақстан қор биржасы мен Астана халықаралық биржасының құрамына енген.
«Финамға» қатысты дау
Ақпарат министрлігі 2022 жылдың 5 шілдесінде finam.ru веб-сайты «қаржы пирамидасының және басқа да алаяқтық ұйымдардың қызметі үшін» Cybernadzor жүйесіне енгізілгенін жеткізді.
Ал 2023 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресейлік брокер былтыр қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінгенін нақтылаған.