Асхат Шахаров Ақтөбе өңірінің халқын 50 жыл бойы газбен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр
Ақтөбе облысындағы «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісі аяқталуға жақын. Бұл жоба аяқталса, өңір халқын 50 жыл бойы газбен қамти алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Асхат Шахаров айтты.
«2023 жылы өңірдегі магистральдық газ құбырларының жүктеме мәселесін шештік. Атап айтсам, биылғы жылы «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісін салу жобасы аяқталуға жақын. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге толық мүмкіндік береді»,- деп мәлімдеді әкім.
Сондай-ақ әкім ауылдарды газбен қамтамасыз ету міндеті өзекті болып қала беретінін, биыл 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылды газдандыру аяқталып, қамтамасыз ету үлесін 95,7%-ға дейін жеткізгенін айтты.
Газ құбырынан бөлек өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Сол мақсатта Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектарды құрайтын Арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары қолға алынған. Жалпы, бұл аймақат 1,2 трлн теңгенің 40-там астам жобасы жүзеге асырылмақшы.