Qalam-ның апта таңдауы: қазақ әйелінің зергерлік бұйымдары

Жарияланды 14 Желтоқсан 2024 11:51

(жаңартылды 14 Желтоқсан 2024 11:54)
Qalam-ның апта таңдауы /Фото: kursiv.media

Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін, ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Апталық шолуымыздың бүгінгі бөлімінде бірнеше мыңжылдық тарихы бар Сирияның әлемдік қақтығыстар орталығына қалай айналғаны туралы шолу, Зайсан Алатауының етегінен табылған қолын көкке жайған адам бейнесі бар петроглиф туралы мақала, қазақ әйелдері таққан зергерлік бұйымдар және олардың қандай мағына білдіргені туралы Гүлнар Танқаеваның материалы, сонымен қатар XIX ғасырдың соңындағы қазақ қалыңдығының фотосуреті бар. 

11 күнде құлаған Дамаск

Алеппоны бақылауға алған сириялық оппозиция жауынгерлері қаланың ежелгі қамалының алдында. Алеппо, Сирия, 2024 жылдың 1 желтоқсаны / Karam Almasri/NurPhoto via Getty Images

Соңғы 4000 жылдың ішінде Сирияны жаулап алғысы келмеген әмірші кемде-кем. Тарихтағы тұңғыш император Саргон да, Ескендір Зұлқарнайын да, моңғол ханы Құлағу да бұл аймақты бағындырғысы келіп, тырысып бақты. Сан түрлі билеуші мен идеологияның ауысуы, шегараның ұдайы өзгеріп отыруы, этникалық, діни және тіл алуандығы, жақын маңда пайда болған империялардың елге қайта-қайта басқыншылық жасауы — бұл Сирияның соңғы 4000 жылдағы тарихы үшін қалыпты дерлік жағдай. Тіпті мәмлүк әмірі Бейбарыс пен моңғол әскеріндегі найман қолбасы Кетбұға да осы аймақ үшін бір-бірімен соғысқан.

Қазіргі болып жатқан оқиғалар да аталған күн тәртібінен түскен емес. Сирияның күрделі әрі қасіретті тарихын Qalam шолуынан біле аласыз. 

Бітпейтін дұға

Дұға. Аюке мен Жолбарыс кластерінің табынушылары/Ольга Гумирова

Алматы облысындағы Зайсан Алатауының етегіндегі аты жоқ тау сілемдерінде орналасқан Аюке мен Жолбарыс петроглифтер шоғыры және Киевтегі 11-ғасырдан қалған София соборынан табылған әлемге әйгілі Оранта бейнесінің қандай ортақ тұсы бар? Расында екі бейненің ортақ тұстары жетерлік. Екеуінде де қол жайған адамдар бейнеленген. 

Жалпы, қолын көкке жайған адам келбеті дүниежүзі бойынша ең кең тараған сурет саналады. Археология ғылымында мұндай бейнелерді адоранттар деп атайды. Толығырақ оқу үшін осы сілтемеге өтіңіз.

Зергерлік бұйымдар қазақ әйелдерін қалай қорғады? 

Кимешек киген қазақ әйелі. Түркістан альбомы/Wikimedia Commons

Шолпы — қазақтың зергерлік бұйымы. Ол аса романтикалық мәнге ие: шолпы тек аңыздарға ғана емес, өлеңдер мен романдарға да арқау болды. Бұл ретте шолпының әшекей-бұйымның бірі ғана екенін айта кету керек, одан бөлек қазақ қыздары шашына шашбау таққан; өрімнің басына, желкесіне шашкерме қадаған; ал көш кезінде арнайы шашқап киген. 

Qalam авторы Гүлнар Танқаева шашқа арналған әшекейлердің дала өмірінде және қазақ жырлары мен аңыздарында неге ерекше мәнге ие болғаны туралы тарқатып айтып берді. 

Қазақ қалыңдығы киген киім

Жюль де Кювервиль (1865–1927). Жас қазақ қалыңдығы, 1895/gallica.bnf.fr/Bibliothèque nationale de France

Ұшы-қиыры жоқ даладағы ең оңай нәрсе — ат үстінде жұлдыздай ағып бара жатқан қазақ қалыңдығын алыстан тану. Себебі оның көбіне ашық көк не қызыл реңді киімінен бастап қымбат металдардан соғылған, жалт-жұлт еткен шолпы-шашбауы мен сырға-сақинасына дейінгі сырт келбеті көрінісі бірден көз тартады. Әсіресе сәукелесіне айрықша назарыңыз түсер еді.Qalam түрлі дәуірден келіп жеткен деректі фотосуреттерді ұсынып отырады. Осы жолы XIX ғасырдың соңындағы қазақ қалыңдығының бейнесі жарияланды. Оны мына сілтемеден қарай аласыз. Фотосуретті франциялық Жюль де Кювервиль 1895 жылы Ақмола облысында   түсірген екен.

Сондай-ақ оқыңыз