«Экс-басшымыз неге тыныш отыра алмайды?!» – Amanat партиясының депутатын Назарбев пен Путиннің кездесуі алаңдатып отыр
Депутат Самат Нұртазаны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік күні қарсаңында Владимир Путинмен кездесу үшін Мәскеуге сапарлап кетуі алаңдатып отыр.
«Қазақстанның бұрынғы Президенті Н.Назарбаев кеше Мәскеуде Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен кездесті. Шынымды айтсам, мұндай кездесулер іштей қобалжу туғызады»,- деп жазды депутат өзінің фейсбуктағы әлеуметтік парақшасында.
Нұртаза 2021 жылдың желтоқсан айындағы Санкт-Петербургтегі кездесуді еске алып, соңы қазақ халқы үшін жақсы аяқталмағанын атап өтті. Артынша елдегі жағдайдың ушығып, «Қантар оқиғасына» ұласқанын айтты.
«Әр адам өзінің тікелей жұмысымен айналысып, қазіргі атқарып жатқан қызметіне сәйкес әрекет етуі керек. Басқа экс-президенттерге қарасаңыз, олар зейнеткерлікке шыққаннан кейін тыныш өмір сүреді. Шақырған жерге барып, жастарына ақыл-кеңесін беріп жатады. Бірақ саясатқа араласпайды. Сый-құрметін сақтайды»,- деді ол.
Сонымен бірге депутат Белорусь және Украина елдерінің бұрынғы президенттерін мысалға келтірді. Нұртаза олардың бұрынғы президент статусында басқа елдердің президенттерімен кездесу өткізбегенін айтты. Депутат «экс-басшының неге тыныш отыра алмайтынын» түсінбейді.
«Шушкевич немесе Кучманың басқа елдердің президенттерімен «бұрынғы» статусында кездескенін көрген де, естіген де жоқпын. Шеварднадзе немесе Ақаев та кеткеннен кейін саяси жиналыстарда жылт етіп көрінген емес. Біздің экс-басшымыз неге тыныш отыра алмайды? Мәскеу бағытында ұшатын бұл рейстердің не қажеті бар? Әлде бұл әдеті ме? КСРО кезіндегі бұрыннан келе жатқан әдет, мақұлдату үшін Кремльге ұшатын еді. Нұрсұлтан Әбішұлы кеңестік номенклатураның адамы ғой, қалай қарасаңыз да… Турист болып ұшып барса, бір сәрі, ешкім үндемейді. Ол әуежайдан тікелей Ново-Огоревоға барады. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Мен шок пен толқуды қаламаймын, шынымды айтсам», – дейді депутат.
Нұртаза елде онсыз да түрлі әңгімелер айталытынын, Назарбаевтың бұл сапарынан соң, тағы да қоғамда, тіпті ел басшылығында да түсініспеушілік туындауы мүмкін деген күдігін жеткізді. Депутат мұндай жайттар елдің ынтымағы мен тұрақтылығына кері әсер етеді деп санайды.
Еске сала кетейік, бүгін 14 желтоқсанда Кремльдің баспасөз қызметі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинмен Мәскеуде кездескенін хабарлады. Олардың қандай мақсатта кездескені нақтыланбады.