Талғар қаласы әкімі сайлауында түске дейін 3 мыңдай тұрғын дауыс берді – комиссия төрағасы

Жарияланды
талгар
Талғар қаласы әкімі сайлауында белсенділік байқалмайды/ фото: kursiv.media

Қазіргі уақытта тұрғындар қала әкімі лауазымына кандидатурасын ұсынған азаматтарға дауыс беруде. Талғар қаласы бойынша 42 770 сайлаушы тіркелген.

– Қазіргі уақытта қалада 26 сайлау учаскесі бар. Оның төртеуі – жабық учаскелер. Түсіндіре кетейін, ол учаскелер уақытша ұстау абақтысы, орталық аурухана, наркологиялық орталық, туберкулез диспансерінде орналасқан. Сайлау учаскелерінде сайлау комиссиясының 192 мүшесі қызмет атқарады. Оған қоса аумақтық сайлау комиссияның құрамында жеті адам да жұмыс істеп жатыр, – деді Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Батталғазиев.

Түске дейін 3 мыңға жуық адам дауыс берді. Дауыс беру процесі кешкі сағат 20:00-де аяқталады. Комиссия төрағасы санақ қорытындысы әкімдік сайтында жарияланатынын айтты.

Кандидаттардың үгіт-насихат жүргізуіне 20 күн берілген. «Қаланы аралап шыққан кезде «Amanat» партиясы ұсынған кандидаттың үгіт-насихат материалдарын ғана көзіміз шалды. Кіреберісте сол партияның баннері ғана тұр. Бұл заңбұзушылық болып есептелінбей ме?», – деген сұрақ қойды Kursiv Media тілшісі.

– Үш адам сайлауға түсіп жатыр. Соның бірі – «Amanat» партиясынан. Тағы бір кандидат – Қазақстан халық партиясынан. Енді бір үміткер өзін-өзі ұсынды. Әр кандидатқа сайлау қорынан үгіт жұмысын жүргізуге бірдей көлемде қаражат бердік. Кімнің қалай жұмыс істейтіні өзіне байланысты. Біз үшін барлығы да тең. Қайсы жеңімпаз болатыны кешкі санақ қорытындысында белгілі болады, – деді Дәулет Алтанұлы.

Kursiv Media тұрғындар сайлау өтетіні жөнінде неге білмейтінін сұрады. Комиссия төрағасы әр үйге хабарлама жібергендерін, подъездерге сайлауға қатысу керек екені жөнінде плкаттар ілгенін, көшеде баннерлер орнастырылғанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз