Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның атын әлемге әйгілі еткен кімдер?

Жарияланды 16 Желтоқсан 2024 11:45

(жаңартылды 17 Желтоқсан 2024 08:40)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Қазақстанның атын әлемге әйгілі еткен кімдер? / коллаж: kursiv.media

Биыл Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 33 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде ел етегін жинап, нақты мақсат қойып, түрлі сала бойынша даму жоспарын да әзірледі. Елдің әлемдік аренады танылып, «Қазақстан» сөзі мінберден аталуына, әр ел төрінен жалауымыздың желбіреуіне үлес қосып жүргендер көп. Дәл сол талантты жандардың арқасында Қазақстанға келуді армандайтындар да баршылық. Бүгін Тәуелсіздік алғалы ел есімін асқақтатуға үлес қосып, Қазақстанды әлемге әйгілі еткен азаматтардың тізімін ұсынамыз.

Геннадий Головкин

Геннадий Головкин – Қазақстандық кәсіпқой боксшы, ол IBF және IBO тұжырымы бойынша екі дүркін әлем чемпионы. Күллі әлемге GGG лақап атымен танымал теңдессіз боксшы да – осы Гена.

Геннадий Головкин бірнеше тұжырым бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Оның ішінде:

  • WBA тұжырымы – 2010-2018; 
  • IBF тұжырымы бойынша – 2015-2018 жылдар аралығы және 2019 жылдан бүгінге дейін; 
  • WBC тұжырымы бойынша – 2016-2018 жылдар аралығы;
  • IBO тұжырымы бойынша – 2011-2018 жылдар аралығы және 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін; 
  • The Ring тұжырымы бойынша – 2018 жыл. 

Әйгілі америкалық «USA Today» басылымы Геннадий Головкинге «Жыл боксшысы» атағын берді. Генадий бүгінде кәсіпқой бокс тарихында орташа салмақ бойынша 89,7% нокаут көрсеткішімен бірінші орында тұр.

Головкин кәсіпқой боксқа ауысқан жылдары Сауль Альварес, Давид Лемье, Дэниел Джейкобс, Вилли Монро секілді бокс жұлдыздарымен рингке шығып, белбеуге таласқан. Қазір әлемде GGG – «трипл Джи» лақап атын естімеген адам кемде-кем, ал оның рингке шыққанын күтіп, теледидар алдына жиналмаған жанкүйер жоқтың қасы. 

Бүгінде спортшы ұлттық олимпиада комитетінің президенті. Қыркүйектен бері World Boxing – халықаралық бокс федерациясының төрағасы. World Boxing – 2023 жылғы сәуірде құрылған халықаралық бокс федерациясы. Қазірдің өзінде 44 елдің ұлттық федерациясы осы ұйым құрамына кіреді.

Самал Еслямова

Самал Еслямова – посткеңестік елдер арасында «Канн» кинофестивалінде «Үздік әйел рөлін» жеңіп алған бірінші актриса, оның бұл жеңісі барша қазақстандықты қуантты.

Бұл сыйлық актрисаға 2018 жылы Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі рөлі үшін берілді. Самал Еслямова аталмыш фильмде Қырғызстаннан келген мигранттың рөлін ойнайды. Қазақстандық актрисаға атақ әкеліп, оны әлемдік аренада танымал еткен «Айка» кинокартинасы алты жыл бойы түсірілген деген дерек бар.

«Канн» кинофестиваліндегі осынау теңдессіз жетістігі үшін Самал Еслямоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілді. Бұл жеңіс Самалды ең әуелі қазақстандық көрермен арасында танымал ете түскендей. Жұрт қазақтан шыққан қыздың осындай жетістікке жеткенін біліп, ол сомдаған рөлдерді іздеуге кірісті. Бүгінде ол отандық Sham театры құрамында өнер көрсетеді. Театр көрермендері арасында Самалды ерекше жақсы көретіндер, дәл осы актриса үшін арнайылап баратындар да баршылық.

Дәрежан Өмірбай

Дәрежан Өмірбай – халықаралық «Канн» кинофестиваліне қатысып, жүлде алған тұңғыш қазақ режиссері. Оның «Киллер» көркем фильмі 1998 жылы кинофестивальға «Ерекше көзқарас» номинациясы бойынша қатысып, үздік фильм атанды. 

Тоқсаныншы жылдары бір топ қазақ режиссері авторлық-интеллектуалдық фильмдер түсіре бастайды. Кейіннен олар қазақ киносының «Жаңа толқыны» деп аталды. «Жаңа толқындықтардың» идеологиядан ада, тауелсіздік иісі аңқитын авторлық туындылары түрлі халықаралық беделді фестивальден алдыңғы қатардан көрініп, марапат алып жатты. Бұл қазақ киносындағы жаңа кезең еді.

«Жаңа толқындықтардың» арасындағы Дәрежан Өмірбайдың алғашқы толықметражды фильм – «Қайрат» картинасы 1992 жылы Локарно кинофестиваліне қатысып, «Күміс Леопард» сыйлығын жеңіп алады. 1995 жылы режиссердің «Кардиограмма» фильмі Венеция кинофестиваліне қатысып, ЮНЕСКО сыйлығын иемденеді. 

Бұған қоса  оның фильмдері Ашхабад, Страсбург, Сингапур, Тегеран, Үш континент секілді көптеген кинофестивальдерге қатысып, жоғары дәрежелі сыйлықтардың лауреаты атанған. 

Димаш Құдайберген

Димаш Құдайберген – әлемге әйгілі мега жұлдызға айналған қазақстандық әнші.

Димаш – өнерлі отбасынан шыққан, жастайынан сахнада жүрген әрі ел ішінде бала жасынан азды-кем танылған әнші. Ал әлемдік танымалдық оған 2017 жылы Қытайда  «Singer 2017» жобасында келді.  Ол дауыс мүмкіндіктерімен, кең диапозынымен көрерменді баурап алды. Әлемдік музыкалық сыншылар Димаштың алты октаваға дейін даусын құбылта алатынын таңданыспен айтады.

Көп ұзамай 2018 жылғы 19 қарашада артистің Лондонда жеке концерті өтті. Концертке әншінің тыңдарманы әлемнің 47 елінен жиналған.

Димаш 2019 жылғы 22 және 23 наурыз күндері Мәскеудің Кремль сарайында екі рет концерт берді. Ресейдің бас сахнасы – Кремльдің алты мың орындық залы лық толған концертке әлемнің 56 елінен тыңдарман келген. 

2019 жылғы 10 желтоқсанда Димаш Нью-Йорк қаласында өзінің кезекті жеке концертін өткізді. Концертке бұл жолы 54 елден келген тыңдарман жиналып, зал толып, кеш тағы да аншлагпен өтті. 

Ал 2022 жылы Димаш Алматыда алғаш рет жеке концертін өткізді. Дәл осы концерт үшін Алматыға әлемнің 68 елінен Димаштың тыңдарманы ағылып келді. Жанды дауыста өткен жарқын кеш қалаға да ерекше көрік берді. Стадион алдында концерт басталмастан екі-үш сағат бұрын жиналған мыңдаған тыңдарманның концертті, сүйікті артисін көруге асығып тұрғанының өзі сол күні қалаға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Цифрларға қарап-ақ, әлемдік мегажұлдыздық танымалдығы әлі де артып келе жатқанын аңғаруға болады. Оның ән кештері де жыл өткен сайын жаңа деңгейге көтеріліп, ғаламат шоуға айналып барады. 

Ал биыл жыл басында Димаш БҰҰ-ның ізгі ниет елшісі атанды.

Сабина Алтынбекова

Сабина Алтынбекова – Тайбэйде өткен қыздар арасындағы волейболдан XVII Азия чемпионатында ең сұлу волейболшы атанған қазақстандық спортшы.

Сабина туралы Тайвань, Жапония және басқа да көптеген азиялық телеарналар репортаждар түсірді, ал желіде көптеген ролик тарап, спортшының танымалдығы лезде жаңа деңгейге көтерілді. Азиялық жанкүйерлер Сабинаның келбеті жапондық аниме кейіпкерлеріне ұқсайтынын айтады. Ал Daily Mail спортшының сұлулығы қатты талқыланғаны соншалық, тіпті спорттық бәсекенің өзі назардан тыс қалып қойды деген ақпар таратқан болатын.

2014 жылы ол Қазақстандағы «Қызыл ай» қайырымдылық қорының ресми волонтері атанды. Әлемге әйгілі бұл қордың еріктілері арасында Хайди Клум, Пирс Броснан, Джеки Чан сияқты атақты адамдар бар.

Сұлулығынан бөлек жанкүйерлер оның спорттық шеберлігін де жиі мақтайды. Мысалы Сабина 17 жасында-ақ Қазақстанның волейболдан әйелдер құрамасының мүшесі атанған. 

Ал оған дейін ол 14 жасынан бастап үзбей жаттығуға барып, өзін спорт жолына дайындаған. Алғашында әйгілі «Казхром» клубында ойнап, команда капитаны да болған. 16 жасында «Алматиночка-Алматы» құрамында ойнап, Анатолий Дьяченконың сабақтарын алған. 

Кейінірек Сабина тұрмыс құрып, ана атанғанына байланысты екі жылға спорттан алыстап қалды. Алайда 2022 жылы қайта оралып, Al Wasl клубымен келісімшарт жасасты. Осы құрамда жүріп, араб лигасының чемпионы атанды және дәл осы ойыннан соң, әлемнің ең бай воллейболшылары тізіміне енді.

Эмир Байғазин

Эмир Байғазин – халықаралық Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына қатысқан алғашқы қазақстандық режиссер. «А» класындағы кинофестивальдер негізгі және екінші сатылы байқаулардан тұратынын ескерсек, Эмир Байғазиннің бұл жетістігі қазақ киносының үлкен белесі деуге болады.

Марапаттау салтанатында Эмир Байғазиннің дебюттік «Асланның сабақтары» («Harmony Lessons») картинасы «Күміс аю» сыйлығын жеңіп алды. Сол жолы онымен бірге Стивен Содерберг, Гас Ван Сент, Бруно Дюмон секілді белгілі режиссерлер бақ сынаған болатын.  

Эмир көптеген халықаралық кинофестивальдің жүлдегері атанып, оның есімі үздік азиялық режиссерлермен қатар аталып жүр. Бұл тек жеке Эмир үшін емес, қазақ киносы үшін де үлкен жетістік. Сонымен қатар Эмир Байғазин 2018 жылы Венеция кинофестивалінде «Көкжиектер» аталымы бойынша үздік режиссер атанып, «Алтын арыстан» сыйлығын жеңіп алды.

Данэлия Төлешева

Данэлия Тулешова – кішкентай бола тұра, қуатты даусымен әнсүйер адамдарды баурап алған талантты қыз. Ол бүгінде әлем тыңдармандарының сүйіктісіне айналған қазақстандық жас әнші. 

Данэлияның танымалдылығы Украинадағы «Голос. Діти» бағдарламасындағы жеңісінен басталды.  Сонымен қатар жас әнші «Junior Eurovision 2018» байқауында Қазақстанның атынан ән айтып, алтыншы орын алған болатын. Кейінірек «America’s Got Talent 2020» халықаралық байқауына қатысып, финалға дейін барды. 

Данэлия Тулешова Жасмин, Нюша, Валерия сияқты танымал әншілермен және ZAZ, Эйва Макс секілді мега жұлдыздармен дуэт орындады. 

Денис Тен 

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Кезінде Корей империясының Жапониядан азаттық алар тұсында әскер генералы болған танымал Мин Гын Хоның ұрпағы.

Денис Теннің қазақ спортында ойып алар орны бар, Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы. Денис мұз айдынында шыр көбелек айналып билеп, бильман деген қиын элементті ерлер арасында өте шебер орындай алатын санаулы спортшының қатарына кіреді.

Денисті анасы бала шақтан өнерге, музыкаға баулыған. Содан да болса керек, ол мұз айдынына шыққанда тербеле билегенде, көрермен де онымен бірге тербеліп, өзге әлемге еніп кеткендей күш кешетін.

Денис 12 жасында-ақ ірі жеңіске қол жеткізді. Ол 2006 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 13  жасында Голландияда Гран-При алған жасөспірімдер арасындағы үздік ондыққа енді. Бұл – ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс еді.

2013 жылдан бастап спортшы «Денис Тен және оның достары» атты мұз айдындағы шоуға продюсерлік етті. 2014 жылы Денис Теннің шоуын тамашалау үшін Қазақстанға Жапониядан 500 турист келген. 

Алайда жарқ етіп жанған жұлдыздың жарығы тез сөнді. Денис Тен 2018 жылы 18 шілдеде Алматыда қапыда қаза болды. Спортшыны 19 шілде күні түс ауа белгісіз екі адам пышақтап кеткен. Алған жарақаттан Алматыдағы №12 қалалық клиникалық ауруханада көз жұмды.

2019 жылы Алматыда спортшыға арналған мемориал ашылды. Тірі болғанда жарық жұлдыз биыл 31 жасқа толар еді.

Сондай-ақ оқыңыз