Жұмыс істейтін аналарға арналған 9 кеңес: қалай бәріне үлгеруге болады?
Өмірге бала келгенде аналар өз қызығушылығын артқа ысырып қойып, бар мейірімі мен махаббатын, уақыты мен денсаулығын баласына сарп етіп жатады. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Десе де, оған дейінгі қалыпты өмірін толықтай өзгертіп, ресурс алатын дүниелерінен айырылған кезде адам эмоциялық тұрғыда жанып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан бәріне үлгеру мүмкін болмаса да, тырысып бағуға болады. Бүгінгі материалымызда декретте отырған және кішкентай баласы бар болса да жұмысқа шыққан аналарға арналады. Күнді қалай жоспарлаған жөн? Баланс табуға көмектесетін қандай құпиялар бар?
№ 1 құпия: Ресурсты қалыпқа келтіріп отырыңыз
Бұл — ең басты ережелердің бірі. Өйткені жұмыс пен бала-шағаны қатар алып жүру оңай емес. Сол қапылыстың ішінен өзіңізге уақыт табуға міндеттісіз. Әйтпесе, сіздің шаршаңқы түріңіз отбасындағы барлығына әсер етеді. Көбіне қит етсе ашуланатын, балаға сәл нәрсеге бола ұрсып жіберетін әйел ресурстарын қалпына келтірмегенінің кесірінен сондай болады. Әрине, қазір әр жерде дедлайн тіреп тұратын қиын заман. Десе де, соның өзінде үлгере аласыз. Оның ішінде асықпай, жып-жылы душқа түсу не жалғыз отырып шай ішу ғана емес, психологқа бару не массаж алу деген сынды дүниелер де бар. Өзіңізді кейінге шегеріп, отбасы не жұмыс деп шаба берсеңіз де, әлемнің барлық мақтау-мадағын ала алмайсыз. Сондықтан өзіңізді шын қуантатын, демалтатын тәсілдерді анықтап алыңыз. Ол тізім әркімде әрқалай болады. Біреуге құрбысымен кездесіп әңгімелескен керемет терапиямен тепе-тең болуы мүмкін. Өзіңізге арнаған уақыт — сіздің ресурсыңыз. Осыны есте ұстаңыз. «Бірінші мынаны істеп алайын, сосын ваннаға түсем» дей бермеңіз. Өйткені бәріне бірдей үлгеру мүмкін емес.
№ 2 құпия: Орайы келсе, орақ ор. Кезі келсе, кетпен шап!
Қаланың күйбең тіршілігі бітпейді. Әсіресе, мегаполисте тұрсаңыз, өмірдің жартысы жолда өтеді. Автобуста кетіп бара жатқанда не кептелісте тұрғанда сол сәтті пайдалы өткізсеңіз болады. Айталық, жұмысқа кептеліспен 1-1,5 сағатта жетесіз делік. Ол уақытта талай нәрсеге үлгеруге болады. Егер қоғамдық көлікпен баратын болсаңыз, кітабыңызды қойныңызға қысып ала шығыңыз. «Оқу керек» деп жүрген қызық туындының бірнеше бетін парақтап тастайсыз. Уақыт та бекер кетпеді, «істеу керек» деп жүрген дүниені істеп өзіңіз де марқайып қаласыз. Бұл шаттық гормонын бөлетінін де ұмытпаңыз. Ал енді кітап оқуға қызықпасаңыз, подкаст не аудиокітап тыңдауға болады. Тым болмаса, сериалыңыздың жаңа сериясын не YouTube-тен сүйікті видеоларыңызды қараңыз. Түскі үзілістегі бір сағатты тіл үйрену сияқты курстарға бөле аласыз. Қазір онлайн сабақ жетілген. Анда-мұнда барып уақыт құртпайсыз.
№ 3 құпия: Жалқау әйел болудан ұялмаңыз
Негізі жұмысты жалқау адамға тапсырған жақсы. Ол өзі істеуге ерініп, орайын табады. Уақытты да, ресурсты да үнемдейді. Сондықтан жалқаулықты жаман әдет деп емес, прогрестің қозғаушы күші деген дұрысырақ. Бұрын болмағанымен, заман дамыған сайын пайда болып жатқан девайстарға скептик болып қарамаңыз. Олардың бәрі өмірімізді жеңілдетуге һәм сапасын арттыруға бағытталған. Шаңсорғыш-робот, кір жуатын және кептіретін машина, ыдыс жуғыш дегендер бізге — көмекші. Сонымен бірге қалаларда жақсы дамып келе жатқан қызмет — жеткізу. Онымен де дос болып алыңыз. Супермаркетке барып ауыр арбаға толтырып азық-түлік салып алып, оны машинаға тиеп, тасып тастау үшін түсірерде күйеуіңіз екеуіңіз үйге бірнеше рет кіріп шығатын болсаңыз, ескеріңіз: мұның бәрін жеткізу қызметіне тапсырған жақсырақ. Мобайл қолданбалардың жетілгені сонша — дүкеннің сөресін ақтарып отырғандай сезіммен тапсырыс беруге болады. Күнделікті керек азық-түлікті де солай алдыра беріңіз. Курьердің қашан келгені жөн екенін де өзіңіз таңдай алатындықтан, жұмыстан шыққанда тапсырыс беріп, өзіңіз үйге жеткен бойда келетіндей етіп баптап қоюға болады. Әйелінің не анасының істеген тамағы отбасы мүшелеріне қанша жерден ұнаса да, арагідік тамақты да сырттан алдырып отырған жөн. Тіпті болмаса, уақытты үнемдеп, күшіңізді көп алмайтындай тәсілдерді қолданыңыз. Мысалы мультиқазанға бәрін салып, «піс қазаным, піс» деп әмір беріп, бір батырма басып-ақ, таймер қойып өзіңіз басқа шаруалармен айналыса берсеңіз болады. Кір жуу, киім үтіктеу сияқты істерде де жалқау адамның қулығын пайдалана аласыз. Кептіруге ілгенде үтіктеуді қажет етпейтіндей қылып дұрыс жайып қойыңыз. Күйеуіңізді өз киімін өзі үтіктеуге көндіруге болады. Егер олай ете алмасаңыз, кемінде буландырғыш алып алыңыз. Онымен киімнің қыртысын кетіру оңайырақ. Осындай тәсілдермен өзіңізді артық шаршаудан арылтып отырыңыз. Себебі тіпті телефоныңыздың өзін күнделікті қуаттап отырасыз. Темір мен микрочиптен тұратын сол құрылғы қуатқа зәру болып тұрғанда, оның қасында сіз — адамсыз. Сізге қуат тіпті қажет. Өйткені — анасыз! Өзіңіз шаршау халде жүрсеңіз, басқаға пайдаңыз тимейді.
№ 4 құпия: Өзіңізді қинаңыз
Бұл қалай? Мысалы спортты алып қарайық. «Осыдан қаңтардан бастап абонемент алып фитнеске барамын» деп ойлап жүргенде бір жыл зулап өте шықты ма? «Стретчиңге жазыламын» дегелі қанша дүйсенбі өтіп кетті? Жұмыстан қайтып келе жатқанда шаршағаныңыз сонша, «күйген дүние күйіп кетсін, ұйықтасам болды» дейтін де боларсыз?! Ондайда қайдағы спорт, қайдағы йога? Бар арманыңыз тезірек төсекке құлап, ұйықтау болып тұрады. Бірақ мұндай ойдың бәрі — жалған. Бұл санаңыздың сізді «тура жолдан тайдырғысы келіп тұрған» тәсілі. Неге олай болады? Спортпен шұғылданғанда эндорфин бөлінеді, күйзеліспен күресуге көмектеседі. Денсаулығыңыз жақсаратыны бесенеден белгілі. Кәсіби спортшы болып кетпесеңіз де, күнделікті тонуста жүресіз. Әдетте кеңседе қамалып 8 сағат отырғанда көбіміз қимылдамаймыз. Ал өмір — қозғалыс. Онда драйв көп болған сайын жақсы. Сол себепті «бүгін залға бармай-ақ қойшы. Онсыз да шаршап тұрсың» деген ой келсе болды, бетін қайтарып тастаңыз. Өзіңізді қинаңыз дегеніміз осы. Есесіне, сонша күреспен жаттығуға барғаннан кейінгі сезімді айтып жеткізу қиын. Жеңіп шыққаныңызға қуанып, бой-бойыңызға қан жүгіріп жақсы болып қаласыз. Әлгі «бармай-ақ қой» деген ішкі дауыс залдан шыққан соң алғысын айтады. Көр де тұрыңыз. Бастысы, «өз спортыңызды» табуыңыз керек. Біреуге ауыр гір көтерген ұнамайды. Енді біріне керісінше сондай адреналин қажет. Бәлкім, көңіліңіз зумбаға барғанда қалайтын шығар? Байқап көріңіз. Спортты таңдағаннан ұтылмайсыз. Өзіңізді осылай қинаған ғана плюске шығарады. Ал қанша шаршап тұрсаңыз да «бір тозаң да шаң болмауы керек» үйді жылан жалағандай жинап беріп қинаудың мәні басқаша. Олай өзіңізді көп қинай бермеңіз. Ал енді спортқа барудың мүлдем реті келмесе, онда кемінде 10 мың қадам жүру, 30 минут жаяулату сияқты әдеттерді қосыңыз. Лифтіге мінбей баспалдақпен 8-қабатқа көтерілгеннің өзі денсаулығыңызға пайдалы. Осылай «қиналып» көріңіз.
№ 5 құпия: «Әке» деген суперқұрал барын ұмытпаңыз
Қазақы қоғамда көбіне отбасындағы жауапкершілік әйелге жүктеледі. Осылайша ер адам тек сыртта жүретін, үйдің тірлігіне араласпайтындай қылып бекітіп алады. Дегенмен отбасы деген екеудің одағы, бірлескен жобасы емес пе? Ондағы әр мүшенің рөлі бар. Ол рөл тек ақша табу не жынысқа қарай бөлінетін үй шаруасына қатысты бөлінбеуі керек. Бәрін 50/50 жасауға болады. Әркімнің таланты, мүмкіндігі мен қажетіне қарай одақ жұмысын бөліп тастаңыздар. Оның ішінде үй тазалау жұмыстарын да солай бөліп алған жөн. Шаңсорғышпен бөлмелерді тазалап шыққаннан ер адамның тестостероны төмендей қоймайды. Есесіне, шаңырақтағы үйлесім нығаяды. Бәрінің илегені — бір терінің пұшпағы екені айқын сезіле бастайды. Сол сияқты бала балабақшаға баратын болса, біреуіңіз апарып тастасаңыз, екіншіңіз алып кетемін деп келісесіздер. Сіз фитнеске кеткенде жолдасыңыз баланың тамағын берсін дегендей. Әрине, күйеуіңіздің де қалауы мен қызығушылығы толық ескерілуі керек. Егер отбасындағы екеу бір-бірімен серіктес болудың орнына «әйел» мен «ер» деп бөлінсе, онда әйелдің иығына көбірек жүк артылып кететіні анық. Ол жұмыс та істейді, тамақты да пісіреді, үйді де жинайды, ашулана бермеуі керек, шаршамауға тиіс, сұлу да сымбатты болуға міндетті болады. Бір адамға мұнша жауапкершілік тым ауыр.
№ 6 құпия: Өзіңізге сыйлық жасап тұрыңыз
Жоспар деген — керемет дүние. Әсіресе, өзіңізге сыйлық жасауды жоспарлаған тіпті керемет. Мысалы алдыңғы кеңестерде ресурсты қалыпқа келтіріп тұру керегін айттық. Міне, соның жалғасы ретінде осы әдісті ұстанып көріңіз. Жоспар жасауға әдеттеніп, соның ішінде жеке планеріңізге сыйлық беруді қосып қойыңыз. Ол міндетті түрде бір бұйым болуы керек деп ойламаңыз. Ол белгілі бір күні СПА-ға баруды жоспарлау бола ма, әлде құрбыңызбен бранчқа бару ма — қалауыңыз білсін. Осының бәрі — өзіңізге жасалған сыйлық. Бір қарасаңыз кішігірім ғана дүние сияқты. Есесіне, қаншама жағымды энергия сыйлайды. Жоспардағы сол дүниені ойлағанның өзінде көңілді қуаныш кернейді. Жұмыста да шабыттанып, үйде де қуанып жүресіз.
№ 7 құпия: Күнделікті кестеңізде отбасыға арнайы уақыт арнаңыз
Жоспарлауды үйрендік. Спортқа баруға уақыт табамыз. Ендігі маңызды нәрсе — отбасыға көңіл бөлу. Жұмыс істейтін аналардың жанды жері де — осы. «Жұмыс деп балаға көңіл бөле алмай жүрмін» деген ой жегідей жейді. «Күйеуіме де тиісті назар салмай кеттім» деуіңіз де мүмкін. Сондықтан отбасыны құрбан қыла беруге болмайды. Ол үшін басымдыққа отбасыны бірінші қойып, одан кейін жұмыстарды соған ыңғайлап үйреніңіз. Айталық, күйеуіңіздің қандай қалауы бар, соны орындауды әдетке айналдырыңыз. Бәлкім, оған телефонсыз, әңгімелесіп отырып шай ішкен ұнайтын шығар. Болмаса, оның залға баратын күндері балалардың үйірмелерімен қатар келіп қалар. Мұндайда «сенің міндетің, қалайда уақыт тап» демей, ортақ шешім табуға тырысу керек.
№ 8 құпия: Балаларға үй шаруасын бала кезден тапсырып үйретіңіз
Отбасының одақ екенін айттық. Бұл жерде ер мен әйел ғана емес, балалар да бар. Олар да сол ұйымның мүшесі болғандықтан, олардың да мойнында міндеттер болуы керек. Соның ішінде үй шаруасын бөліп беруді әдетке айналдырыңыз. Баланың жасына сай тапсырма беріңіз. Бүкіл шаруаны кішкентай балаға үйіп тастаңыз демейміз. Десе де, ыдыс жуа алатындай жасқа жетсе, тапсырып қойыңыз. Тым кішкентай десеңіз, шашқан ойыншығын қораптарына салса, ол сізге әжептәуір көмек болады. Бастысы, дұрыс бөле алсаңыз болды. Өзіңізді кінәлаудан аулақ болғайсыз. Миыңызды іске қосыңыз. Ұялмаңыз. Кішігірім шаруаларды істеуге жараса, онысы өзіне жақсы. Мақтауды ұмытпасаңыз болғаны. Балада одан шаттық гормоны бөлініп өзіне пайдалы болады.
№ 9 құпия: Гаджеттермен дос болыңыз. Шектен шықпасаңыз, ол сізге көмекші болады
Күні бойы жұмыста жүрген ата-ана балаға көңіл бөле алмай жүрмін деп қиналады. Әсіресе, «біздің орнымызға оларды телефон мен теледидар тәрбиелеп жатыр» деп уайымдауыңыз қалыпты. Дегенмен гаджетті соншалықты зиян нәрсе деп қабылдаңыз. Бәрінің шегін білсеңіз, пайдасы көл-көсір. Мұнда да жоспар керек. Сіз тамақ істеп болғанша балаларға гаджет қарай тұруға рұқсат, «ал одан кейін смартфонды ұстамаймыз» дегендей ережелер бекітіңіз. Шектеу бар жерде тәртіп бар. Бірақ тәртіп дегенде тарс еткізіп бұйрық беремін деген ой болмасын. Мұнда ашық диалог маңызды. Балаларға бәрін қалай бар болса, солай түсіндіру керек. Теледидар қарап отырған жерінен пультті жұлып алмай, «енді 10 минут қарай тұр. Сосын өшіреміз» дегендей келісім керек. Заманның ағымы сол, бәрі қатарынан қалмағаны жақсы. Сыныптастары смартфон ұстап жүргенде сіздің балаңыз кнопкалы телефон ұстап жүрсе, бұл да дұрыс бола қоймас. Тек ережені бекіте алуыңыз керек. Осы нәрсе маңызды. Үйге келгенде әркім өз бөлмесінде, өз гаджетімен отырып қалмауы үшін ортақ бір іс болғаны жақсы. Біреулер бірге тұшпара түйеді, енді бірі пикникке жиі шығады дегендей. Офлайнда да қызық бар екенін осындай мысалдармен ғана көрсеткен дұрыс. Сөзбен айта беріп, өзіңіз де телефонға телміре беретін болсаңыз, бұдан нәтиже шығуы екіталай.