Қырғызстанда жанармай салығы енгізілді, жиналған ақша жол жөндеуге жұмсалады

Жарияланды
Садыр Жапаров
Қырғызстанда жанармай салығы енгізілді / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қырғызстанда жанармай бекеттерінде сатылған әрбір жанар-жағармайдың бір литрі үшін белгілі бір сома алынатын болады. Садыр Жапаров «Жол қоры туралы» Заңға және Салық емес түсімдер туралы кодекстегі өзгерістерге қол қойды. Бұл туралы Қырғызстан президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жанармай салығын дизельді отын және жанармай импорттайтын немесе  өндіретін нысан иелері төлеуі керек. Бұдан бөлек пневматикалық резеңке шиналар және бұрын қолданған шиналардың утилизациясы, майлау материалдары мен басқа майларды өңдеу үшін де салық жиналатын болады.

Аталған заң жол инфрақұрылымы және жалпы автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту үшін енгізіліп отыр. Яғни жаңа алымдар автомобиль жолдарына қайта жөндеу жұмысын жүргізу, жол құрылысы және жолды күтіп ұстауға жұмсалады.

Заң 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және сол уақыттан бастап жиналған салық Жол қорына түседі.

Бұған дейін 2020 жылы Қырғызстанда мұнай өнімдерін сақтау және есепке алу бойынша автоматтандырылған жүйе енгізілген еді. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау үшін алынатын салық осы жүйе негізінде жиналады.

Сондай-ақ оқыңыз