110 елді артта қалдырды. Қазақстанда 4 жыл ішінде заңсыз ақша айналымы төмендеген

Жарияланды
ақшаны жылыстату тәуекелі
Қазақстан ақшаны жылыстату рейтингінде позициясын түзеткен / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда 4 жыл ішінде заңсыз ақша айналымы төмендеп, ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелі азайған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

«Basel AML Index» рейтингіне сәйкес, Қазақстан ақшаны жылыстату тәуекелі жоғары 110 елді артта қалдырып, 111-орынға тұрақтаған. Рейтинг бойынша ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелі 10 балдық шкала бойынша бағаланады. Мұндағы 10 – ең жоғары тәуекел дегенді білдіреді. Ал Қазақстанның ұпайы осы жылы 4,65-ке түскен.

Бір жыл бұрын Қазақстанның ақша жылыстату тәуекелі 4,71 балды құрап, 100-ші орында тұрған. Ал биыл 10 елді басып, озып, елдегі қаржы айналымын реттеген. Артта қалған 10 шақты мемлекеттің ішінде АҚШ, Жапония, Сингапур, Қытай, Катар, Италия, Венгрия, Түркия сияқты елдер бар.

«Осылайша, ел 2012 жылдан бері жарияланған рейтинг тарихындағы ең жақсы нәтижесін жаңартты. Тек соңғы 4 жылда рейтингте 2020 жылғы 73 орыннан ағымдағы жылы 111-орынға дейін үлкен серпіліс жасады», – деп хабарлайды агенттік.

«Basel AML Index» рейтингі бойынша ақшаны дылыстату тәуекелі ең төмен елдер қатарында Сан-Марино, Исландия, Финляндия, Эстония, Андорра, Швеция көш бастайды.

ҚМА бұл рейтингте Қазақстанның өз позициясын жақсартуына ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы шараларын жетілдіруі себеп болғанын хабарлайды. Одан бөлек агенттік FATF халықаралық стандарттарына сәйкес келу үшін Ұлттық «жылыстату» жүйесін нығайтуды қолға алған.

Сондай-ақ оқыңыз